Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қоғамдық сананы жаңғырту: атқарылған істер мен ұсыныстар талқыланды

Қоғамдық сананы жаңғырту: атқарылған істер мен ұсыныстар талқыланды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында биыл облыста 165 іс-шара жоспарланған. Бүгінге дейін оның 109-ы іске асып, тағы да 30-ы жыл соңына дейін орындалады деп күтіліп отыр.

Өкінішке қарай, бірқатары орындалмай қалуы мүмкін. Бұл жөнінде бейсенбі күні, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың басшылығымен өткен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі облыстық комиссияның отырысында айтылды.

Отырысқа комиссия мүшелерімен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға жауапты басқармалар мен департаменттер басшылары, онлайн-режимінде Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері және олардың орынбасарлары қатысты.

Жиында 2021 жылға жоспарланған іс-шаралардың орындалу деңгейі қаралып, келесі жылдың жоспарына енгізу үшін жаңа бастамалар мен ұсыныстар талқыланды.

Жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова бағдарлама аясындағы кейбір бағыттар мен жобалар бойынша көрсеткіштердің төмендегеніне тоқталды.

— Бағдарламаны жүзеге асыра бастаған алғашқы жылы «Туған жер» арнайы жобасы аясында жасалған істер бойынша облысымыз республикада бірінші орынға шыққан еді. Биыл бұл жоба бойынша көрсеткіштер төмендеді. Бұған, бір жағынан, пандемия кезіндегі шектеулердің де әсері болды. Екінші жағынан, кейбір аудандарда туған жерді көркейту, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті меценаттардың, халықтың демеушілігімен жасалған істердің барлығы бірдей есепке алынбай отыр. Осы жағын ескеру, жасалған істерді әлі де толықтай есепке алу керек, — деді Бұлбұл Ораққызы.

Жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Рахым Бекназаров, Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов, Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевтар баяндама жасады.

Мысалы, қолға алынған үлкен істің бірі — «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасы аясында «Ақтөбе өңірінің фольклоры мен музыкасы» антологиялық жинағын шығару. Бүгінге дейін 600-ге тарта шығарма жинақталып, олардың аудионұсқасы да әзірленіп жатыр. Сондай-ақ «Түркі әлемінің генезисі» арнайы жобасының аясында облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан «Ер Едіге» жыр мектебі ашылды, осы мектеп аттас жыршылар байқауы да өткізілді. Байқау облыстық деңгейде ұйымдастырылды, алда республикалық байқау өткізілетін болады.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, алдағы жылы дәстүрлі әншілердің «Мәңгілік мұра» және күйшілердің «Ақжелең» республикалық байқауларын өткізу жоспарланған.

Көшпенділердің даңқты тарихы олар жайлаған өлке, өңірлерде мол мұра қалдырды. Сондай өлкенің бірі — Ақтөбе жері. Біздің өңіріміздегі сарматтар мен ғұндар заманынан қалған көне қорғандарды, халықтық сәулет және тас қашау өнерінің ғажап үлгілері болып табылатын қазақ ескерткіштерін, Доңызтаудағы оғыздардың Жезді қалашығын, Мұғалжар тауының Төлеубұлақ үңгіріндегі ежелгі заман петроглифтерін, т.б. мұраны зерттеу үшін бірнеше экспедициялар ұйымдастырылып, олардың құрамына Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан жетекші ғалымдар шақырылған және өз облысымыз бен көрші облыстардан көптеген зерттеушілер қатысып отыр. Осы жұмыстардың аясында биылғы жылдың басында облыстық тарихи-өлкетану музейінде тасқопалық сармат көсемінің қайта қалпына келтірілген бейнесінің таныстырылымы өткені белгілі.  Ал барлық зерттеулердің нәтижесі бойынша «Ақтөбе облысының киелі жерлері» атты үш томдық ұжымдық монография шығару жоспарланған.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов бағдарлама аясындағы шараларды жүзеге асыру барысында Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының арасында Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің ерекше белсенділік танытып отырғанын айтқан еді. Расында, бұл оқу орны бағдарламаны жүзеге асыруға өзіндік жобалармен де үлес қосып отыр. Солардың бірі — «Ақтөбе — ақбөкендер мекені» жобасы.

— Біз ақбөкенді Ақтөбенің брендіне айналдырғымыз келеді. Бұл жобаны Ырғыз-Торғай табиғи резерватымен бірге іске асыру көзделген, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Рахым Бекназаров.

Сондай-ақ ол «Жұбанов кітапханасының 100 кітабы» жобасы аясындағы еңбектердің электронды нұсқасы университеттің кітапхана жүйесінде бар екенін айта келіп, алдағы жылы оларды облыстағы колледждер мен мектептер кітапханаларына беруді жоспарға енгізуді ұсынды.

Университеттің тағы бір бастамасы — жазғы тіл үйрету лагерьлерінің ұйымдастырылуы. Қазіргі күні мемлекеттік тілді білмейтін отандастарымызға оны үйрету үшін осы тәжірибені одан әрі дамыту қажеттігі де атап өтілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға «Үнем — қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Құқықтық мәдениет» және «Еңбек — елдің мұраты» атты жаңа арнайы жобалар енгізілгені белгілі. Мысалы, «Еңбек — елдің мұраты» жобасы аясында «Өндірістегі бір күн» онлайн экскурсиялары ұйымдастырылған. Айта кету керек, індеттің одан әрі таралуының алдын алуға бағытталған шектеулерге байланысты жоспардағы іс-шаралардың көпшілігі онлайн форматында және телевизиялық жоба ретінде өткізілген.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов латын қарпіндегі жаңа қазақ әліпбиінің бекітілуі кейінге қалуына байланысты, биылғы жылға жоспарланған «Әліпбиді бірге үйренейік» телевизиялық сабақтары, т.б. іс-шараларды орындау мүмкін болмағанын, оларға бөлінген қаржының бюджетке қайтарылғанын айтты. Әліпбидің бекітілуі биылғы желтоқсан айына шегерілген.

Комиссия мүшелері тарапынан да бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Тарихшы-ғалым Дәулет Әбенов Ойыл ауданында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына тән ғимараттардың, басқа өңірлермен салыстырғанда, жақсы сақталғанын, бұл ішкі туризмді дамытуға үлкен серпін берер жайттың бірі екенін атап өтті.

— Көне жәрмеңкелер еліміздің көп жерінде өткізілген, бірақ олардың ғимараттары нақ Ойылдағы секілді сақталмаған. Бұл — көптеген атақты өнер адамдарының, тарихи тұлғалардың ізі қалған жәрмеңке. Сонымен бірге «Қызыл мектеп» аталған шаруалар мектебі ғимаратының да сақталып қалған бөлігі қамқорлыққа алынуы керек. Өкінішке қарай, оның кірпіштерін тасып алып кеткен. Бізде сәулет өнерінің ескерткіштері көп емес. Енді сол аз дүниені сақтап, ішкі туризмді дамыту үшін пайдалану керек, — деді Дәулет Әбенов.

Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев өз кезегінде бұл бағытта жұмыстар жасалып жатқанын, «Қызыл мектепті» қоршауға алу үшін 2,5 миллион теңге қаржы бөлінгенін айтты. Жұмыстар қазан айына жоспарланыпты. Жиында, облыстық кәсіпкерлік басқармасының ішкі туризм саласы бойынша жұмыстарды әлі де жандандыра алмай отырғаны айтылды.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін атқарылып жатқан істердің БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде тиісті деңгейде насихатталуы керектігін айтты, 2021 жылға жоспарланған жұмыстарды одан әрі жүргізу үшін Ақтөбе қаласы және аудандар әкімдіктері мен басқармалар басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

 

/aqtobegazeti.kz/