Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетіне жаңа проректор тағайындалды

Жұбанов университетіне жаңа проректор тағайындалды

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың бұйрығымен Жұбанов университетінің академиялық мәселелер бойынша Басқарма мүшесі-проректор лауазымына Сейітқан Айнұр Сейітқанқызы тағайындалды.

Бұл туралы бүгінгі университеттің проректорлары, департамент және құрылым басшылары қатысқан кездесуде Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова мәлімдеді. Ректор жаңа басшыны жиналғандарға таныстырып, Айнұр Сейітқанқызының еңбек жолына қысқаша тоқталып өтті.

«Айнұр Сейітқанқызы өте тәжірибелі маман. Ол өңірлік  университеттен, Кембридж сияқты үздік әлемдік университеттен жинақтаған зор білімін  Жұбанов университетінің әлеуетін жаңа сатыға көтеруге жұмсайды деп сенім білдіремін»,- деді оқу ордамыздың басшысы.

«Еңбек жолымда оқытушылықтан қол үзген емеспін. Ақтөбе өңірінің мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор. Жұбанов университеті осы аймақтағы ең белді, терең тарихы, қалыптасқан дәстүрі бар білім ордасы. Сіздермен жұмыс жасау маған биік мәртебе, сондай-ақ, үлкен жауапкершілік. Мен оны жақсы сезінемін. Және де сіздермен бірлесе отырып, университеттің алға қойған міндеттерін жүзеге асырамыз деп сенемін», — деді өз кезегінде сөз алған жаңа басшы.

Университет ұжымы жаңа проректорды жылы қабылдап, қызметіне сәттілік тіледі.

Айта кетсек, Айнұр Сейітқанқызы — техника ғылымдарының кандидаты, PhD доктор. Ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Химия және экология» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2006 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің аспирантурасын бітірген. 2009 жылы «Қара, түсті және сирек металдар металлургиясы» мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленген.  2010-2015 жылдары кафедра меңгерушісі, 2017-2018 жылдары ғылым және халықаралық қатынастар департаментінің директоры, 2019 жылдан бүгінге дейін Астана Халықаралық университетінің жаратылыстану ғылымдары Жоғары мектебінің деканы қызметін атқарған. 2020 жылы республикалық байқаудың қорытындысы бойынша ол «ЖОО-ның үздік оқытушысы»деп танылды.

30-дан астам оқу-әдістемелік және ғылыми еңбектердің авторы.