Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Халық қаһарманымен тарихи кездесу

Халық қаһарманымен тарихи кездесу

Бүгін Жұбанов университетіне құрметті қонақ — Қазақстанның «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев келді. Ол Жұбанов университеті тарих факультетінің ғимаратында оқу орнының басшылығымен, оқытушылармен және Ақтөбе жұртшылығымен кездесті.

Халық қаһарманымен кездесудің бұл жерде өтуі де кездейсоқтық емес. Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлеріне арнап ашылған кабинетте кейінгі ұрпаққа ерліктері үлгі болатын тұлғалармен танымдық кездесулер мен іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Кездесу барысында университет ректоры Лаура Қарабасова қонақты жылы қарсы ала отырып, генерал-лейтенантты ЖОО-ның дәріскері болуға шақырды. Оқу орда басшысы жас ақтөбеліктер үшін бұл пайдалы білім болатынын алға тартты. Сонымен қатар ғылыми кеңесте жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Бақытжан Ертаевқа Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің құрметті профессоры атағын беру туралы шешім қабылданғаны жайында айтылды.

Бақытжан Ертаев  «Халық қаһарманы» атағының, «Отан» орденінің, II дәрежелі «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» және басқа да жауынгерлік ордендер мен медальдардың иегері.