Пятница, Сентябрь 13, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте мамандандырылған аккредиттеу рәсімі өтті

Университетте мамандандырылған аккредиттеу рәсімі өтті

2021 жылдың 12-15 қазан аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Аккредиттеу және білім беру сапасын сараптау бойынша тәуелсіз агенттігі (ARQA) тарапынан аралас форматта (Шетелдік сарапшы on-line режимінде қосылып отырды) мамандандырылған аккредиттеу рәсімі жүргізілді.

Аккредиттеу рәсімінің мақсаты – білім бағдарламаларының халықаралық стандарттарға сәйкестігін тану үшін аккредиттеу органы тарапынан жүргізілетін бағалау процесі. Дәлірек айтсақ, мамандандырылған аккредиттеу барысында университеттегі білім беруді ұйымдастыру мен жүзеге асыру, білім бағдарламаларының сапасы мен жалпы білім беру қызметінің мемлекеттік стандарттарға және нормативтерге сәйкестігі бағаланады.

Аккредиттеу жүргізілген білім бағдарламалары:

  • 6В04101-Экономика
  • 7М04101-Экономика
  • 8D04101-Экономика
  • 6В04103-Есеп және аудит
  • 6В04104-Қаржы
  • 6В04105- Мемлекеттік және жергілікті басқару
  • 7М04105- Мемлекеттік және жергілікті басқару

Аталған рәсімді ARQA тарапынан отандық және шетелдік сарапшылар тартылған сыртқы сараптау комиссиясы жүзеге асырды. Жетекшісі: Айжан Тлеубердинова  (ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Экономика институты» РМҚК). Шетелдік сарапшы: Евгений Шваков («Алтай мемлекеттік университеті» ФМББМ ЖБ). ARQA өкілі: Айжан Кудерина (ЖОО аккредиттеу департаментінің директоры).

Сарапшылар: Абай Калыков  (Astana IT university), Замзагуль Султанова («Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» КеАҚ), Жанар Дюсембекова (Нархоз университеті).

Сарапшы-жұмыс беруші: Татьяна Шунукова  («СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ, Еңбек ресурстары департаменті директорының орынбасары).

Сарапшы-студент: Кенжегуль Серебаева (Бәйішев университеті).

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы-ректоры, білім беру бойынша философия докторы (Ph.D.) Лаура Қарабасованың кездесуінен басталған аккредиттеу рәсімі сыртқы сарапшылардың университет проректорларымен және құрылымдық бөлімдер басшыларымен, факультет деканымен және бітіртуші кафедралар меңгерушілерімен кездесу-сұхбат рәсіміне жалғасты. Одан әрі агенттік сарапшылары университеттің материалдық-техникалық базасымен танысты. Сонымен қатар, аккредиттелетін білім бағдарламалары бойынша кафедра құжаттарының стандарттарға сәйкестілігін тексеріп, сабақтарға қатысты, студенттермен, магистранттармен, докторанттармен,  ПО құрамымен, түлектермен, жұмыс берушілермен кездесу өткізіп, олармен еркін тақырыпта сұхбаттасты. Аталған кездесулерге ПО құрамынан 44 адам, 90 білім алушы, облыстың түрлі саласынан 30 жұмыс беруші мен аккредиттелетін мамандықтардың 41 түлегі қатысты. Сұхбат барысында жұмыс тобы тарапынан берілген сұрақтарға барлық қатысушылар қанағаттанарлық деңгейде жауап берді. Сарапшылар сұхбаттасу нәтижесінде қатысушылардың бұл үдеріске үлкен жауапкершілікпен қарағандарына ризашылығын білдіріп, университет пен түлектер, жұмыс берушілер арасындағы кері байланыс тиісті деңгейде екендігін атап көрсетті.

Мамандандырылған аккредиттеу рәсімі аясында сыртқы сарапшылар аккредиттелетін білім бағдарламаларының келесі практика базалары мен кафедралардың өндірістегі филиалдарын көрді: Ақтөбе облысының әкімдігі «Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы», FIRST HEARTLAND JÝSAN BANK, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы,  «Батыс жер» ЖШС, «Ақтөбе қаласы «Алматы» ауданы әкімінің аппараты» ММ.

Бағалау нәтижесінде сарапшылар тобы университет ректоры, проректорлар және құрылымдық бөлім басшыларымен кездесіп, аккредиттеу рәсімі аясында өткен шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өтіп, алғыстарын білдірді. Мамандықтардың аккредиттелу  мерзімі алдағы уақытта өтетін ARQA Аккредиттеу кеңесінде анықталатын болады.