Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті жастары әдебиет майталмандарымен кездесті

Жұбанов университеті жастары әдебиет майталмандарымен кездесті

«Әдебиет.Рух.Қоғам» республикалық әдебиет форумының  аясында бүгін Жұбанов университетінде бірнеше тағылымды кездесулер өтті.

Еліміздің атақты ақын-жазушылары, облысымыздың зиялы қауым өкілдері, облыс әкімі және университет ректорының қатысуымен өткен отырыста әдебиет саласына қатысты атқарылған шаралар, алдағы жоспарлар жайлы айтылды.

Сонымен қатар Жұбанов университеті студенттері форумға келген ақын-жазушылармен жүздесті.

Кездесуге жазушы Жұмабай Шаштайұлы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Мирас Мұқаш, ақын, этнограф Қасымхан Бегманов, ақын, журналист Нұрлыбек Қалауов, ақын Бауыржан Құрманқұл, ақын Талғат Тілеулес, Қазақстанның мәдениет қайраткері Нұрлыбек Жұбатқан, Қазақстан жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, ақын Гүлімай Қуанышова, ақын Бауыржан Халиолла, ақын Базарбай Иманов қатысты.

Кездесулер поэзия, проза секцияларына бөлінді.

Ақын-жазушылар жастарға ана тілінің қасиеті, сөз құдіреті, қазақ тарихындағы әдебиет өкілдерінің ұрпаққа қалдырған мол мұрасы жайында әңгімеледі. Бүгінгі әдебиеттің жай-күйі, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мәселесі де айтылды. Олар өлең жазуды қалай бастағанын, жазушылыққа қалай келгені жайында қызықты оқиғаларды баяндады. Тіпті ел ағалары жастық шақтарына да бір оралып, студенттік кездерде бастарынан өткен қызықты естеліктерімен бөлісті.

Қасымхан Бегманов қазақ этнографиясы жайындағы ойларын ортаға салды. «Мен бүгін ерекше бақыттымын. Өздеріңдей жастарға білген-түйгенімізбен бөлісіп, пікірлесу күнде бұйыра бермейді. Әрбір адам ұлтының жоғын жоқтап үйренуі қажет.Сіздерге айтар кеңесім осы» , — деді ол.

Жұмабай Шаштайұлы  проза жайлы ойларын айтты. «Өмірге баланың келуі қандай заңдылық болса, проза да солай дүниеге үздіксіз келе береді. Бұл – ешқашан тоқтамайтын құбылыс. Адам сезім әлеміне берілмей қалай тұра алады, өмір – тұрған бойы қозғалыс, алысқа кеткен ұл ата-анасын сағынады, ұзатылған қыз төркінін көруге асық, жол-сапар, ғашықтық аңсар, ақырында келіп шиеленіске толы қарым-қатынас барысындағы әрқилы мінездер, яғни бәрі көркем шығармаға сұранып тұрған бейнелер», — деді жазушы сөзінде.

Әдебиет майталмандары бала кезден кітап оқуға әуес болғандарын тілге тиек етті. Ақындар студенттерге өз өлеңдерін оқып берді. Студенттерді көбіне ақын-жазушылардың жастық, махаббат жайлы шығармалары қызықтырды. Жастар олардың шығу тарихын да сұрады. Кездесу соңында олар қаламгерлерден қолтаңба алып, естелік суретке түсті.