Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Спорт шеберлерімен кездесті

Спорт шеберлерімен кездесті

Жұбанов университетінде кәсіби-шығармашылық факультетінің білім алушылары мен профессор-оқытушылары Ақтөбе өңірінен шыққан танымал спорт шеберлерімен кездесті. Кездесуде халықаралық дәрежедегі спорт шебері,  университет түлегі Әшім Қали, «Спорт жұлдыздары»  республикалық ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы, Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиев, каратэден ҚР  халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кадеттер мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Нұрқанат Әжіқанов сынды спортшыларымыз жиналғандармен еркін ой бөлісті, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Үлкен спорт – әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірден-бір көрсеткіші, патриотизм мен халық бірлігінің нышаны. Бұл орайда Қазақ елі тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап-ақ бірден көзге түсіп, халықаралық аренада орасан зор беделге ие болды. Егеменді еліміздің көк байрағын биікке көтеріп, Қазақстанды алты алашқа  танытқан спортшыларымыздың бірі – Әшім Қали.

Әшім Шәріпұлы — ақтөбеліктердің арасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген алғашқы спортшы. Ол — каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасының абсолютті чемпионы атанып, Орталық Азия мен Қазақстан кубоктарын иеленді. 1989-1996 жылдары өткен Бүкілодақтық және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ, 1991 жылы КСРО чемпионы болып, сол жылы Жапонияда әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді, ал 1992 жылы Францияда Еуропа, 1994 жылы АҚШ-та әлем чемпионы атанды.

Бүгінде ол өмірлік тәжірибесін шәкірттерімен бөлісіп, талай спорт саңлақтарын дайындап, мәртебелі іс атқарып келеді. Саналы ғұмырын спорт саласына арнаған спортшы ізгі болмыс иесі атанудың қағидасын айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол өз кезегінде Жұбанов университетінің түлегі екендігін және осы қара шаңырақта білікті оқытушылардан тәлім алғандығын мақтан ететіндігін жеткізді.

«Осы Құдайберген Жұбанов атындағы университетте алған білімнің, тәрбиенің арқасында осындай жетістіктерге жетіп жүрміз деп есептеймін», – деді Ә.Қали. Жиын барысыңда қонақтар өздерінің жеткен жетістіктерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, ақыл-кеңестерін де айтып өтті.  Сондай-ақ, келелі кездесуде еліміздің мерейін әлемге шарықтатып жүрген спорт майталмандары биік мақсаттарға қалай қол жеткізіп, спорт саласындағы ерекше жеңістері туралы әңгімелеп, жас буынға ерекше әсер сыйлаған сырлы сұхбат болды.

Өз кезегінде сөз алған «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы Мұсағали Сабырғалиұлы: «Ел үкіметі спортқа мықтап көңіл бөліп келеді. Жыл сайын елімізде түрлі спорт кешендері салынуда. Болашақта ел спортшыларының алар асулары қазіргіден де биік болатындығына сенемін, – деді. Еркін форматтағы  кездесу соңында спортшылар  жастарға жеңілістерге қарамастан, өжеттілік танытып, еңсені түсірмеу кеңестерін берді. Кездесуді қорытындылаған факультет деканы Сабыржан Мұхтаров университет түлегі Әшім Қалидың  иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

 

/bilimdinews.kz/