Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Елу жылдан кейінгі ерекше кездесу

Елу жылдан кейінгі ерекше кездесу

Жұбанов университетінде түлектердің ерекше кездесуі өтті. 1971 жылы оқу орнынан арман арқалап, үлкен өмірге қадам басқан жастар 50 жыл өткен соң қара шаңырақта қайта қауышты.Әрине, түгел емес. Арасында өмірден өткендері бар. Дегенмен қазіргі кезде аман-есен, оқу ордамыздың қадірлі қонағы болу бақыты бұйырған  23 түлек  салтанатты шара төрінен орын алды.

Шарада университет ректоры Лаура Қарабасова түлектерді 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, оларға «50 жыл болашақ тәрбиесінде» медалін табыстады.

Ескі достардың кездесуінде студенттік өмірлері туралы естеліктер айтылды. Топ кураторлары болған Жақсылық Тасмамбетов пен Сағымбай Өтениязов сол кездерді еске алып, жылы лебіздерін жеткізді. Сонымен бірге ардагер-түлектерге Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Аймағанбетов, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры Олжас Ибраев, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы және тағы да басқа жиынға қатысушылар ізгі тілектерін жолдады.

Университет музейіне осы курстың 50 жылдық өмірінен сыр шертетін фотосуреттер,құжаттар көрмесі қойылды.

1971 жылғы түлектер әртүрлі салада жетістікке жеткен. Бірі спорт саласын бағындырса, бірі ғылым саласының үздіктері. Сондай-ақ, олар еліміздің білім беру ісінде еңбегі сіңген ардақты ұстаз, бала тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отырған аяулы ата-әже. Студент кезде отау құрған Жеңіс Қонжарұлы мен Лиза Сейітжанова, Мырзамұрат Жүсіпов пен Күләнда Досжанова қазіргі таңда алтын шаңырақ иелері.

Шарада түлектердің кездесуін ұйымдастырушы, кезіндегі факультет белсендісі, өлкетанушы Баянғали Құлтаевқа алғыс айтылды.