Понедельник, Май 27, 2024
Басты > Жастар саясаты > Ректор облыс әкімінің атаулы стипендия иегерлерін құттықтады

Ректор облыс әкімінің атаулы стипендия иегерлерін құттықтады

Бүгін Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова облыс әкімінің  атаулы стипендиясын иеленген студенттерді құттықтады. Ол облыс әкімі карантиндік шараларға байланысты барлық стипендия иегерлерін қабылдай алмағандығын, жастарға жылы сәлемін жолдағанын жеткізді.

«Сіздердей студенттермен мақтанамыз. Жаңалыққа жаны құмар, оқумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын жастарды қолдау – парызымыз. Сіздерге үлгілі тәрбие берген ата-аналарыңның рөлі зор. Сол үшін ол кісілерге алғыс білдіреміз»,- деді университет басшысы.

Жиында ректор студенттерге сертификатты салтанатты түрде табыс етті.

Жалпы атаулы стипендия 2017 жылдан бері беріліп келе жатыр. Оқу үлгерімі жоғары және облыстың қоғамдық жұмыстарына етене араласып жүрген 2-3 курс студенттерін ынталандыру мақсатында тағайындалып келеді.

Биыл стипендияны 175 білім алушы алды. Олардың ішінде Жұбанов университетінің 77 және Жоғары колледждің 2 студенті  бар.

Шәкіртақы иегерінің бірі — Нұрайым Ордабаева.  Ол тарих факультетінің студенті, екінші жыл облыс әкімінің стипендиясына өтінім берген. «Оқудағы жетістіктерімнің елеусіз қалмағаны қуантады. Мұндай қаржылық қолдау жастарға әркез алға қарай талпынуға серпін береді», -дейді ол.  Ал кәсіби — шығармашылық факультетінің 2 курс студенті Қолғанат Зарлық джиу-джитсудан республикалық және облыстық турнирлердің жүлдегері екен. Ол стипендия иегері атанғанына өте қуанышты екендігін жеткізді.

Айта кетсек, жоғары оқу орындарының 145 студентіне 160 мың теңге көлемінде және кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінің 30 студентіне 80 мың теңге көлемінде бір реттік шәкіртақы берілді.