Среда, Январь 26, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Жас суретшінің сырлы әлемі

Жас суретшінің сырлы әлемі

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Студенттер сарайында жас суретші Айя Спамбетованың жеке көрмесі өтті. Кәсіби-шығармашылық факультетінің талантты студентінің жұмыстарын бұрын ақтөбеліктер Жастар жылына арналған экспозицияда тамашалаған еді.

Ал бұл жолғы «Шабыт» көрмесінде кино кейіпкерлері мен шоу-бизнес жұлдыздарының  70-тен астам портреті ұсынылды. Ерекше талант иесі адамдардың бейнесін айнытпай қағаз бетіне түсірген. Көрмеге университет ректоры Лаура Қарабасова, бейнелеу өнерінен алғашқы ұстазы Надежда Садильникова, Ақтөбе облыстық мүгедектер одағының төрағасы Гүльмирам Сражова, Қазақстан Дизайнерлер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрайымы Ирина Үзенбаева және басқа да зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар мен студенттер қатысты.

Шара барысында сөз алған университет ректоры Лаура Қарабасова Айя мен оның анасы Сандуғаш Спамбетоваға Алғыс хат табыс етті.

Айя мүмкіндігінің шектеулі екендігіне қарамастан, сурет салуды жанындай жақсы көреді. Шығармашылықпен айналысуды, өзін шыңдап отыруды ешқашан тоқтатқан емес. Өнерге шексіз ғашық ол карантин кезінде де қарап қалмай, білімін шыңдап, сурет салудың басқа да техникаларын меңгерген.

— Реализм стилін жақсы көремін. Пандемия жағдайында 150-ден астам портрет салдым. Өзімнің жаным қалаған нәрсені саламын. Қарындаш, акварель, көмір, сангина, түрлі түсті қарындаштарды қолданамын, — дейді қылқалам шебері.

Ол өз туындыларын сатпайды, сыйға тарту еткенді ұнатады екен.

Көрме төрт айға созылмақ. Аталған шара барысында ақша жинауға арналған арнайы шот ашылды. Жиналған қаржы Айя мен анасына баспана алуға жұмсалады. Жеке баспананың болмауы, сонымен бірге уақытша тұрып жатқан пәтерінің жоғарғы қабатта орналасуы оларға қиындық туғызып келеді.

Бүгінгі таңда Айяның есімі халықаралық дарынды балаларға арналған энциклопедия беттерінде жазулы тұр. Халықаралық «Дарынды бала-2016» медалінің иегері,  Жастар жылына орай білім, ғылым, спорт, өнерді дамыту бағытында қосқан үлесі үшін мүмкіндігі шектеулі ең белсенді 10 ақтөбеліктің қатарынан танылып, облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Жұбанов университетінің «Үздік студент-2019» төсбелгісінің иегері.  «Өнер шексіздігі» конкурсының жеңімпазы, халықаралық шығармашылық байқаулар және өнер көрмесі, фестивальдер қатысушысы.

Жадыра АРЕН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті

медиа орталығының маманы

 

/aqtobegazeti.kz/