Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қаламгерлер қауышуы

Қаламгерлер қауышуы

Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби форумы болды. Осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан форум жұмысына Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақындар Бауыржан Жақып, Елена Әбдіхалықова, жазушы Мереке Құлкенов, композитор Қалдыбек Құрманәлі, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен өңірдегі әдебиетсүйер қауым қатысты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде өткен жиынның ашылу рәсімінде өңір басшысы Оңдасын Оразалин ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумына жиналғандарды құттықтады. «Алаш қозғалысының көшбасшысы Ахмет Байтұрсыновтың «өз тілінде сөйлейтін және өз әдебиеті бар халық қана дербес өмірге үміткер бола алатынын ешқашан ұмытпауымыз керек» деген сөзін есте ұстасақ, форумның басты мақсаты –қазақ әдебиетінде елеулі із қалдырған Ақтөбе өңірінің көрнекті тұлғаларының есімдерін танымал ету және жаңа таланттарды анықтау», дей отырып, өңір басшысы соңғы жылдары Ақтөбе облысында қазақ мәдениеті мен әдебиетін насихаттау және дәріптеу бойынша жүзеге асырылған жобаларға қысқаша тоқ­талды. Соңғы жылдары Ақтөбеде Ал­тын Орда дәуірінің қолбасшысы және мем­лекет қайраткері Ер Едігенің, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың ескерт­кіштері ашылды. Киелі нысандарды жаңғырту мақсатында да ірі жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, Алтын Орда дәуірінің ескерткіші – Абат Байтақ кесенесі мен Хан моласы мемо­риалдық кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ХІХ ғасырдың көрнекті діни қайраткері, ағартушысы Досжан Қашақұлы хазірет кесенесі мен мешіті қайта қалпына келтірілді. Екі жыл бұрын Темір ауданындағы Тасқопа қорымынан табылған сармат дәуірінің ескерткіші – Алтын адамның киімдері қалпына келтірілді. Тасқопа жәдігеріне арналып, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өт­кізілді. Сондай-ақ Ақтөбе облысынан шық­­қан белгілі ақын-жазушылардың үздік шы­ғармаларының жинағы шы­ғарылды.

Айта кетейік, екі күндік форум аясында «Едіге деген ер екен» атты респуб­ликалық жыршылар байқауы, Табылды Досымов атындағы бард әндерін орын­даушылардың республикалық конкурсы да ұйымдастырылды.

Форум аясында бір жыл бұрын жа­рияланған әдеби байқаудың 10 номинациясы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Әдеби шығармалар бәйгесінде жүйрік шыққан қаламгерлерге Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұр­ғалиев, Тобық Жармағамбетов, Қа­жығали Мұхамбетқалиұлы, Тахауи Ахтанов, Бәкір Тәжібаев, Үмбетбай Уайдин, Қуан­дық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов атындағы сыйлықтар тағайындалып, жас қалам­герлерге стипендиялар табыс етілді.

Осы күні Ақтөбе қаласының аға­йын­­ды Жұбановтар көшесінде ком­позитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергеновке қос бірдей ескерт­кіш ашылды. Бұл рәсімге Шәмші Қал­дая­қов­тың әпкесі Райхан Домбаева және ақын Төлеген Айбергеновтің қызы Ма­хаббат Айбергенова де қатысты. Шәмші Қалдаяқовтың аталары Хромтау ауданындағы Қарабаз деген жерде тұрған. Төлеген Айбергеновтің аталары 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс ке­зінде қазіргі Байғанин (бұрынғы Табын) ауданынан қарақалпақ жеріне көшіп кеткен. Айта кету керек, бұл – елімізде Тө­леген Айбергенов өмірден өткеннен кейін жарты ғасырдан соң қойылған тұңғыш ескерткіш.

Форум соңында әдебиетсүйер оқыр­­мандардың басын қосып, жастар шы­ғармашылығын дамытуда осындай басқосуларды жыл сайын өткізуді қа­лыпты үрдіске айналдыру жөнінде айтылды.

Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ

/egemen.kz/