Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Табыскер студенттер

Табыскер студенттер

 

Жұмыс істеу оқуға кесірін тигізбей ме?

Сананы тұрмыс билеген қазіргі нарық заманында әр тиын қымбат және бұны балаға дейін біледі. Тиісінше еңбекке ерте араласқан ата-анасына жәрдемші жеткіншектер арамызда аз емес. Сол сияқты сабағы мен жұмысына қатар үлгеріп, ересектермен иық тірестіріп жүрген, яғни еңбек шартын жасасқан студенттер де баршылық. Соңғы аталғандар оқу ақысын өздері төлеп, басқа да керек-жарағын басқалардан сұрамай, материалдық тұрғыда тәуелсіз болуды мақсат еткен. «Бір оқпен екі қоянды атқан» олардың жалақысы да жақсы…

Жиһаз жасайтын жігіт

19 жастағы Қасымхан Бегімбеков — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің III курс студенті. Болашақ дизайнер 9-сыныпта оқып жүргенде-ақ жиһаз құрастырып бастаған. Яғни ол үшін оқып әрі жұмыс істеу соншалықты таңсық емес.

— Осында Атырау қаласынан келіп, біліп алып жатырмын. Жерлес замандастарыммен бірге пәтер жалдаймын. Грантта болмағандықтан, оқу ақысына жылына 372 мың теңге төлеймін. Ата-анама салмақ салмайын, өзіме де қаражат болсын деп I курстан бері жұмыс істеймін. Жалпы, оқушы кезімнен жиһаз жасауға ебім бар.

Жұмыс орныма, негізінен, сабақтан кейін, түс ауа барамын. Тапсырыс бойынша жасағандықтан, бізде нақтылы уақыт кестесі жоқ. Орташа есеппен айына 250 мың теңге жалақы аламын. Ең бастысы, қызметім өзіме ұнайды. Содан кәдімгідей ләззат алып, өзгелерге қуаныш сыйлайтынымды ойласам, тіптен қуанамын. Қысқасы, мамандық таңдаудан қателеспедім, бұл — дизайнерлікке тікелей қатысы бар жұмыс, — дейді ол.

Оның айтуынша, тобында өзі секілді еңбек ететін бірнеше студент бар. Оқытушылар да бұған түсіністікпен қарайды екен. Қолы шебер жігіт тұстастарына былай деп кеңес берді:

— Әрине, оқу мен жұмысты бірге алып жүру қиын. Бірақ шынымен талаптанса, бәріне үлгеруге болады. Жастарға айтарым, тек жақсы жалақы алатын, еңбегіңді өз деңгейінде бағалайтын жерде жұмыс істеңіздер. Уақытты зая кетірмеңіздер.  Өйткені одан бағалы ештеңе жоқ.

Көбіне-көп асүй жиһазын жасайтын Қасымхан таза ауада серуендеуге уақыт табатынын, сүйікті ісі сол екенін айтты.

«Мен жанбасам лапылдап…»

Студенттер арасында тамақтану орындарында даяшылық қызмет атқаратындар біршама. Бұл қатарда оқуда үздік, сол үшін жоғары шәкіртақы алатын жігіттер мен қыздар да кездеседі. Солардың бірі — Мәлика Штаконова.

— Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің педагогика факультетінің III курс студентімін. Мемлекеттік грант иегерімін. Үздік оқығасын 57 мың теңге көлемінде жоғары шәкіртақы аламын. Мектепті де «Алтын белгімен» тәмамдадым.

Ақшаның артықтығы болмайды деген оймен биыл жұмыс істей бастадым. Келушілер тарапынан кейде қиындықтар туып жататынын жасырмаймын. Мүмкіндігінше мән бермеуге, көңіл-күйімді түсірмеуге тырысамын. Даяшылық қызметтен тапқан табысым керек заттарымды алуға, жалпы, өзімді қаржылай қамтамасыз етуге жетеді.

Уақытты үнемді жұмсай алмайтын студентке жұмыс кедергісін келтіретіні рас. Өзім кестемен  жүретін адам болғасын анау айтқандай қиындық туғызбайды. Жұмыс үшін сабақтан қалып немесе сұранған жағдайлар болмапты. Қатты шаршап, тамақтану режиміңнің бұзылатынын ескермегенде, барлығына көңілім толады, — дейді бойжеткен.

Оның ойынша, ниет барда бәріне үлгеруге болады. Қолы қалт етсе кітап оқитын Мәлика жас кезде бірнеше істі қатар атқарып, күш-жігерді оңтайлы пайдаланып қалу керектігін алға тартты. Себебі үлкейгесін мұндай белсенділік қанша қаласаңыз да таптырмайды…

— Менің ойымша, студенттік кезең адамды өмірге «тәрбиелеудің» бастапқы сатысы. Әсіресе басқа қалада оқитын жас өз күшіне сенуге, шешім қабылдауға үйренеді. Тек оқумен ғана шектелмей, жан-жақты болатынымен де осы жылдар қызық, — деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.

Аманқос және оның ортасы

— Оқу мен жұмысты бірдей алып жүруге болады. Тек ынтаң болса жеткілікті. Бұған мысал ретінде өзімді айта аламын. Университеттің II курсында оқи жүріп, жарты жылдан бері шаһардағы тамақтану орталығында есепші, үйлестіруші ретінде еңбек етіп келемін. 100 мың теңге жалақымды қажетіме жұмсап, оқуыма да төлеймін. Үлгерімім жақсы, нашар баға алып көрмеппін, — дейді болашақ тарихшы Аманқос Жалғасұлы.

Ақылы негізде оқитын жігіт бұған дейін фотограф болған. Яғни қаршадайынан еңбекқор Аманқос қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмайды. Ол — пікірсайыс ойындарының белсенді қатысушысы.

— Оқу ақымның құны — жылына 450 мың теңге. Отбасыма қиындық туғызбай, оған қоса керек-жарағыма ешкімнен ақша сұрамас үшін жұмыс істеймін. Ұжымда өзім сияқты жастар, ортамыз көңілді, уақыт тез өтеді. Сондықтан уақытымды тиімді өткізіп жүрмін дей аламын, — деп ой бөлісті студент.

«Әдемілік бізге көптік етпейді…»

Жастығына қарамастан, сән саласында біраз тәжірибе жинап үлгерген Жұлдыз Жақсылықова оқуды бірінші орынға қоятынын айтады. I курс студенті сабақтан тыс уақытта ғана әйел затын әдемілеуге кіріседі.

— Биыл өз қалауыммен аударма ісі мамандығына құжаттарымды тапсырдым. Ақылы негізде оқимын. Бірақ оқу ақымды ата-анам төлейді. Еңбекақымды күнделікті жүріп-тұруыма, қажетті нәрселерге жұмсаймын.

Сән салонында 2 жылдан бері қыз-келіншектерге тырнақ жасаумен айналысамын. Тұрақты клиенттерім көп. Олардың арасында университеттегі ұстаздарым да ұшырасады, — дейді Жұлдыз.

Болашағын әсемдік әлемімен байланыстыратын студент қыз шетел тілдерін білу үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын, диплом алғасын да екі саланы қатар игеруге тырысатынын баян етті.

Директордың орынбасары

Жұмыс істейтін студенттердің арасында басшылық қызмет атқаратындар да бар. Айталық, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің IV курс студенті Зарина Серікқызы жергілікті емханалардың бірінде директордың орынбасары лауазымын атқарады.

— Тіс емханасында әуелі көмекші, кейіннен кіші медицина қызметкері болдым. Қазір директордың орынбасарымын. Жалақым жұмысыма сай, шүкір. Тіс дәрігері мамандығында оқып жатқандықтан, қызметімде теория мен тәжірибені ұштастырып жатқан жайым бар. Бір жағынан, оқу ақымды өтеуге, басқа да шығындарыма көмек, — дейді жас талап.

Жұмыс күндері сағат 15.00-20.00 аралығында медицина мекемесінен табылатын Зарина оқуда да белсенді екен. Түрлі шараларға жиі қатысады.

Сабақ беретін студент

Өзгелерге ұстаздық етіп, бағыт-бағдар беру жас талғамайды. Бұған Нұршат Жайлыбаеваның мысалы айқын дәлел.

— Ақтөбе қаласындағы №22 орта мектепті «Алтын белгімен» тәмамдадым. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің II курсында мемлекеттік грант негізінде оқып жатырмын. Бұйыртса, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын.  

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы оқу орталықтарының бірінде мұғалім болып жұмыс істеймін. Күн сайын 4 сағат сол жердемін. 30 шақты шәкіртім бар. Оларға қазақ тілін үйретемін. Ұжымда кенжетаймын, барлық әріптес ағай-апайларым үнемі қолдауын көрсетеді. Сабағыма кедергісі жоқ, керісінше, мен үшін үлкен тәжірибе, — дейді болашақ педагог.

Үздік оқитын Нұршат жұмысының мамандығымен үндес екенін, сол арқылы ұстаздық қызметтің қыр-сырына қазірден қанық болып жатқанын атап өтті.

Теория мен тәжірибені ұштастырған

 Ақтөбедегі жоғары оқу орнында білім алатын Жанна Рзағалиева мамандығы бойынша еңбек етуді әлдеқашан бастап кеткен. Қазіргі кезде ол логопед-дефектолог ретінде 5-6 баламен жұмыс істейді.

— III курста оқысам да, үйдегі бір бөлмені арнайы жабдықтап, балаларды қабылдап жүрмін. Арасында бастауыш сынып оқушыларына мектептегі бағдарламаны игеруге де көмектесемін. Жұмыс барысында аса бір қиындықтарға тап болдым деп айта алмаймын. Бұл уақытты дұрыс жоспарлай алуымнан болса керек. Сабағымнан бос уақытта ғана іске кірісемін, — дейді ол.

Оқу ақысына жылына 443 мың теңге төлейтін Жанна — үздік студент. Орыс тілі бойынша өткен халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы. Осының бәрін ескерген университет басшылығы былтыр оқу ақысына 50 пайыз жеңілдік жасаса, биыл Елбасы шәкіртақысына ұсыныпты.

P.S. Жастық жалынмен бәріне үлгеріп жүрген жан-жақты жастар осындай. Олар еңбекқорлығының арқасында ғана белгілі бір жетістікке жетуге болатынын қазірден түсінген. Ал студенттерді қосымша табыс көзін іздеуге итермелеген қоғамдағы әлеуметтік мәселе — басқа материалдың өзегі…

 

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ

/aqtobegazeti.kz/