Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғалымдар Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұраларын талқылады

Ғалымдар Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұраларын талқылады

Бүгін  Жұбанов университетінде  Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Ыбырай Алтынсаринннің педагогикалық мұралары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Конференция оқу орнының басшылығының,  белгілі ғалымдар мен педагогика факультетінің профессор-оқытушыларының қатысуымен  онлайн форматта өтті.

Конференцияны Басқарма мүшесі- академиялық мәселелер бойынша проректор Айнұр Сейітқан ашып,  қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.

— Бүкіл өмірін ағартушылық-педагогтық қызметке арнаған Ыбырай Алтынсаринның мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен орайлас келіп отыр. Ы.Алтынсариннің ұшан-теңіз еңбегі қазақ халқының білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани және мәдени гүлденуіне, экономикалық дамуына игі ықпал етті. Ағартушының 180 жылдығына арналған бүгінгі жиында ғалымдар мен педагогтар Ыбырай Алтынсарин есімін зор ілтипатпен еске аламыз, өйткені Ақтөбе топырағында оның басқан ізі, өлмес педагогикалық мұрасының белгісі қалды.

Бүгінде Қазақ Білім академиясы Ыбырай Алтынсаринның есімімен аталады. Еліміздегі педагогтар қауымының ең таңдаулы өкілдері жыл сайын Ы.Алтынсарин төсбелгімен марапатталады. Жұбанов университетінде Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегерлері айтарлықтай екенін зор мақтанышпен айтқым келеді.

Бүгінгі конференция тақырыбының өзін «Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұралары» деп атауымыздың өзі бұрынғы мен жаңаның сабақтастығын іздейтінімізді білдіреді. Бүгінгі бас қосуда осы тұрғыда мазмұнды ой-пікірлер ортаға салынады деп ойлаймыз, — деді ол.

Сөз соңында басқарма мүшесі конференцияға қатысушы ғалымдарға сәттілік тіледі.

Баяндамашылар ұлт ұстазының еңбектерін, ағартушылық қызметіне тоқталып, жаңа қырынан ашып көрсетті. Ғалымдар педагогика ғылымының басым бағыттары, қазіргі педагогикада Алтынсарин идеяларын сақтаудың маңыздылығы туралы айтты.

Айта кетейік, университетте ұлы тұлғаның  есімін ұлықтап, еңбегін насихаттау жұмыстары дәстүрлі түрде үнемі жүргізіліп келеді. Мұндай шара дала ұстазының еңбектерін педагогика саласына енгізуге бағытталып отыр.