Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті профессоры мерейлі жаста

Жұбанов университеті профессоры мерейлі жаста

Жаратылыстану факультеті биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты Роза Изимова 65 жасқа толды.

Бүгін Жұбанов университетінде профессордың мерейтойы құрметіне орай «Ғылым және білім: өзекті сұрақтар, жетістіктер, инновациялар» тақырыбында республикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияға еліміздің жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтары мен жалпыға білім беру ұйымдарының өкілдері, профессор-оқытушылар  қатысты.

Пленарлық мәжілісте ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров мерейтой иесін құттықтап, Роза Ізімқызының білім беру саласына сіңірген еңбегін атап өтті.

Ғылыми басқосуда «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты доценті, п.ғ.к. Айгүл Каплиева, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Бауыржан Туралин, «Ырғыз – Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» РММ инспекторы Баян Әбдінәбиқызы баяндама жасады.

Конференция жұмысы биотехнология ғылымдары, ауыл шаруашылығы, химиялық және азық-түлік технологиясы, педагогика ғылымдары жетістіктері мен инновациялары бағыттары бойынша секцияларда жалғасты.

Баяндамашылар ғылым және білім беру мәселелерін зерттеудегі нәтижелерімен бөлісіп, оларды практикада қолдану жайында айтты. Сондай-ақ, Р.Изимованың ғылыми еңбектері туралы ой өрбітті.

Айта кетсек, Роза Изимова бір оқулық, 15 шақты оқу құралы және әдістемелік нұсқаулар, 80-нен аса ғылыми мақалалар мен 2 тәжірибеге енгізілген жаңашылдық, авторлық куәліктердің авторы.

Конференция соңы Роза Изимованың 65 жасқа толуына орай кезектен тыс Кеңейтілген Ғылыми кеңеске ұласты.

Кеңесте мерейтой иесіне жан-жақтан көптеген құттықтаулар келіп түсті.

Роза Ізімқызын университет басшылығы, факультет оқытушылары, тума туыстары құттықтады. Ұстазға шәкірттері тарапынан да толассыз құттықтаулар айтылды.

Университет ұжымы атынан мерейтой иесін кәсіподақ ұйымының басшысы Ольга Сұлтанғалиева құттықтап, Қазақстанның кез келген сауықтыру шипажайына жүз пайыздық тегін жолдама мен әдемі гүл шоқтарын табыс етті.

Сонымен қатар конференция барысында Роза Изимованың  «Ұстаз жолы-дара жол» кітабының тұсауы кесілді.