Среда, Апрель 17, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тағылымды еңбектер

Тағылымды еңбектер

Айнұр ЕШНИЯЗОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе

 өңірлік университеті

 Қазақстан халқы Ассамблеясы және  әлеуметтік-саяси пәндер

кафедрасының аға оқытушысы.

«Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз, даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз» деген ұлы ғұлама әл-Фарабидің нақыл сөзі жастардың мақсатына жету үшін санасының ісінен озық жүруіне, олардың білім алуына, өмірде өз орындарын табуына бағыт береді. Кез келген адам еңбекқорлығы мен қабілетінің арқасында биік шыңға көтеріле алады.

Бүгінгі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» қолға алынғаны белгілі. Аталған жобаның арқасында қазақстандық гуманитарлық білім саласы толықтай жаңарып, жаңа деңгейге көтерілді.

Дүниежүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарының беделді ғалымдары әзірлеген оқу құралдары қазақ тіліне аударылып, еліміздің барлық оқу орындарына жетті. Біз де университетіміздің оқу бағдарламаларына енгізіп, саясаттану, әлеуметтану, философия, мәдениеттану пәндері бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасаудамыз.

Бір ғана Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері» оқулығында қоғамдағы әртүрлі әрекеттер мен мінез-құлықтар туралы, адамның рухани және материалдық мәдениеті мен құндылықтары жөнінде, мәдениет және жаһандануға байланысты тақырыптар, дүниежүзі бойынша неке және отбасы мәселелері, білім мен дін, саясат пен экономика тақырыптары қамтылған. Халид Әл-Руайхеб пен Сабина Шмидткенің жетекшілігімен құрастырылған «Ислам философиясы: оксфорд оқулығында» IX–XX ғасырлар аралығындағы ислам философиясының көрнекті өкілдірінің зерттеу мәселелері сараланған. Көптеген ғылым салалары бойынша маңызды еңбектер қалдырған алғашқы ислам философтары әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд сияқты тұлғалардың өмір жолы мен көзқарастары, философиялық мұрасы зерделенген. Оқулықта осы аталған және басқа да пәлсапа өкілдерінің метафизика, онтология, логика, табиғат философиясы, эпистемиология, психология т.б. тақырыптардағы шығармалары кеңінен талданады. Ал Ли Энн Пек, Гай Рилдің «Медиа этика» әдебиеті студенттер мен жас мамандарға бұқаралық ақпарат құралдары саласында кездесетін этикалық мәселелерді шешу жолдарын көрсетуге арналған. Бұлардың барлығы — студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен оңтайлы ұштастыра отырып, өмірде кездесетін тосын, күрделі мәселелерден жол тауып шығуға баулитын тағылымды еңбектер.

«Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек. Бұл — мемлекеттің міндеті. Үкімет мұны аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі керек», — деген болатын Елбасы өз сөзінде.

Соңғы үш жылда осы жоба негізінде аталған университеттегі Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасы философия, әлеуметтану, саясаттану, дінтану, антропология, медиа салалары бойынша қазақ тіліне аударылған әдебиеттерді студенттерге таныстыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.

 

/aqtobegazeti.kz/