Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Зауыт жұмысымен танысты

Зауыт жұмысымен танысты

Жуырда Жұбанов университетінің техникалық факультетінің қауымдастырылған профессоры Бауыржан Келамановтың жетекшілігімен «Металлургия» мамандығының 4 курс студенттері оқу-зерттеу практикасы аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауытымен («Қазхром» ТҰҚ» АҚ филиалы) танысу сапарын жүргізген болатын.

Өндірістік оқыту экскурсиясының басты мақсаттарының бірі — студенттерді кәсіпорынмен, оның ішкі тәртібімен және шығарылатын өніммен алдын ала таныстыру болып табылады.

Экскурсия кезінде ең алдымен кәсіпорын басшылары студенттерді «Ақтөбе ферроқорытпа зауытының  тарихымен және кәсіпорынның қауіпсіздік ережелерімен таныстырды. Одан кейін студенттер зауыттың балқыту цехтарын және зертханалық, дайын өнім цехтарын аралап, кәсіпорынның әрбір цехтарының шығаратын өнімдері мен қолданылатын шикіқұрам материалдарымен танысты.

Айта кетейік, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бүгінде  өндіріс көлемі жылына 740 мың тонна ферроқорытпа құрайтын тұрақты дамып  жатқан заманауи кәсіпорын болып табылады. Кәсіпорын жоғары, орташа және төмен көміртекті феррохром, ферросилиций, сондай-ақ металлконцентрат өндіреді. Зауыт 1943 жылы іске қосылды және Қазақстанның қара металлургия саласындағы алғашқы кәсіпорны. Зауыт құрамында — 3 балқыту цехы, қождарды қайта өңдеу цехы және қосалқы цехтар бар. Ал, кәсіпорынның ең жаңа бөлімшесі №4 балқыту цехы болып табылады. Мұнда Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік ферроқорытпа саласы үшін де бірегей тұрақты тоқ пештерінде балқытудың инновациялық технологиясы қолданылады. Барлық өндірістік процесс барынша автоматтандырылған. Өндірістік шешімдердің бірі  — ферроқорытпа газы мен шаңды жоюға мүмкіндік беру. Тағы бір айта кететін жайт, пештерде отандық шикізат қолданылады, сонымен қатар, кәсіпорын әлемдік нарықта үлкен әлеуетке ие.

Жұбанов университеті мен  Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жеті жыл бұрын  ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісімшартқа қол қойған болатын.  Келісімшарт аясында  «Металлургия» мамандығының студенттері болашақ жұмыс орындарында өндірістік практикадан өте алады. Аталған мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жыл сайын меңгерген теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруда. Нәтижесінде оқу бітірген соң, осы өндіріс орнына жұмысқа орналаса алады. Нақтылай кетсек, 2020-2021 оқу жылында «Металлургия» мамандығын бітірген түлектердің 55%-ы аталмыш кәсіпорында жұмыс жасап жатыр. Қазіргі таңда, қызмет барысында айрықша көзге түскен   түлектеріміз жоғары басшылық қызметтерге қол жеткізіп отыр.