Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ашыққан жұртқа көмектесемін деп, «банды» атанғандар болды

Ашыққан жұртқа көмектесемін деп, «банды» атанғандар болды

Қуғын-сүргін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың 24 қараша күнгі Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін мемлекеттік комиссия құрылып, соған сәйкес өңірлік комиссиялар да құрылып, архивтерде құжаттарды саралау жұмысы жүргізіліп жатқаны белгілі.

Қуғын-сүргінге ұшырағандардың бір тобы — жер-жерлерде аштыққа ұшырағандарды құтқару, тым болмаса олардың азабын жеңілдету үшін түрлі жолдармен колхоз қоймаларынан астық алып, жұртқа таратқан және сол әрекеті үшін «банды», «қарақшы», «бандалық топ құрушы» деген жаламен қуғындалған азаматтар. Біздіңше, оларды ақтау әділеттілікті қалпына келтіру болмақ.

Осы жерде алдымен «Ашаршылық неден болды? Халық неге алапат аштыққа ұшырады?» деген, жауабы әлі де даулы болып келе жатқан сауалға өз тарапымыздан аз ой қоссақ дейміз. Кеңестік заманда көбіне бұл табиғи себептермен (қуаңшылық) және халықтың қамсыздығымен түсіндірілді. Бірақ қазақ — өзінің даласында мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан халық емес пе еді? Жердің жайын, оның табиғат жағдайын, соған бейімделген шаруашылықтың қыр-сырын әбден меңгерген, білген. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деп, жұттан, қуаңшылықтан аман шығудың қамын да алдын ала жасап отырған. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы аштықты халықтың қамсыздығымен байланыстыру шындықты бүркемелеудің бір амалындай сезіледі.

ХХ ғасырдың басы өте мазасыз болғаны белгілі. 1916 жылдан бастап, халықтың түрлі әділетсіздіктерге қарсы қайта-қайта көтерілуі; патша өкіметінің, одан кейін кеңес билігінің түрлі себептермен әлсін-әлсін елден күштеп мал жинауы қазақты зор шығынға ұшыратты. Оның үстіне, Қазан төңкерісінен кейін байлар мен дін адамдарын, яғни елдің игі жақсысын, беткеұстар тұлғаларын тап жауы ретінде қудалау басталды. Осының бәрінен онсыз да қажыған, шаршаған халықты енді аштықпен күйзелту оны ұлт ретінде біржола әлсірету, тіпті жою саясатының бір бөлшегі болуы да мүмкін. Сондықтан тарихшылар бұл мәселеге әлі де оралып, әділетін айтар деп ойлаймыз.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіндегі ашаршылыққа қатысты қолымызға түскен материалдар, негізінен, 1933-34 жылдарды қамтиды. Осы материалдардан тіпті 1934 жылдың өзінде ел ішінде аштықтан өлім-жітімнің азаймағанын көруге болады.

Ал қазақтың еті тірі азаматтарының басым бөлігі, соның ішінде бұрынғы мал-мүлкінен жұрдай болған байлар мен діни тұлғалар, өкімет адамдары да, халықты қайткенде аштықтан аман алып қалудың барлық амалдарын қарастырған. Сөйтіп, адамдарды ұйымдастырып, колхоздың, түрлі мекемелер мен шаруашылықтардың қоймасынан астық тартып алып, аштарға үлестірген. Осының салдарынан, жоғарыда айтқанымыздай, «банды», «қарақшы», «бандалық топ құрушы» деген айыппен сотталып, айдауға жіберілген.

1934 жылы Ақтөбеде ОГПУ-дың жабық түрде өткізген отырыстарының хаттамаларынан бір дерек ұсынсақ: 30-жылдардағы ашаршылықта қазіргі Қостанай облысы Батпаққара ауданының (ол кезде Ақтөбе облысына қараған) ауылдарында ауылсовет қызметкерлері мен қойма меңгерушілері, кейбір тұрғындармен бірігіп, аштарға жасырын түрде көмек ұйымдастырып, тары бергені үшін айыпталған. Олардың қатарында: Құнанбай Әбдірахманов, Жармағанбет Ерғалиев, Мұсағали Алмағанбетов, Тоқболатов, Омар Нұрмағанбетов, Қабыланбек Ерғалиев, Сейітбек Ғалиев, Қызбергенов, Жанқожа Байбосынов, Ерғазы Оспанов, Құлен Құрмалаев, Мұхамеджан Текебаев, Алан Абылқасымов, Ерғали Құдаров және тағы да басқалар бар. Олардың кейбірі Арал ауданынан астық әкеліп, халыққа таратқан. Өкінішке қарай, бұл кісілер «бандалық топ» құрды, «колхоздан астық ұрлады», «астық ұрлауға жол берді», «астықты жасырын сатып, пайда тапты» деген айыптауларға іліккен. Олардың әрекетін айыптай отырып, ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық бөлімі мынадай шешім шығарған: «Даны жесткие указания районам усилит репрессию к расхитителям, принимая байские и групповые дела к своему производству для направления их на внесудебное рассмотрение. Ставим перед прокурором и облсудом вопрос об усилений репрессий и своевременности разбора дела расхищений фондов продпомоши.

Кроме ранее отмеченного, нами привлечено за хищения фондов продпомоши по 18 делам 112 человек». Бұл іс облыстық архивтің 13-қорының 2-тізбесінде сақтаулы.

ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық бөлімінің шығарған шешімдеріндегі мәліметтерден, колхоз қоймаларында тонайтындай көп астық та болмағанын көреміз. Қойма меңгерушілері 30-100 кг тарыны шегеріп, ауыл адамдарына жасырып бергені үшін де айыпталған. Деректерге қарасақ, ол кезде колхоз қоймаларында ең көп дегенде 2-3 тонна астық болған.

20-жылдардың соңында тәркіленіп, басқа облыстарға жер аударылып, «жазасын» өтеп келген байлардың кейбірі туып-өскен жерін қимай, өзінің бұрынғы ауылында жүрген. Кеңес өкіметіне бұл жайт та ұнамаған. Архив деректерінде байлардың ел ішінде жүргені, оларды халықтан бөлудің қиын болып отырғаны, бірақ қайткенде де аштыққа байланысты оларға көмек көрсетпеу керектігі айтылыпты. Облыстық мемлекеттік архивтің 13-қоры, 3-тізбесінде сақталған істе: «Из рук вон плохо организована на местах борьба с байско-кулацкими элементами, изоляция их из среды откочевников и с лишением их продпомощи. Конфискованных полуфеодалов, раскулаченных, высланных и проч. сроки высылки или судебного наказания коим истек — не мало. Зачастую они пробираются в среду откочевников и пользуясь отсутствием у большинства откочевников документов о личности, получают так же помощь. В ряде районов борьба с этим элементами не ведется сознательно, как указано выше, разложившимися предсельауылсоветов, колхозов, серктиков, и др.должностными лицами. Во многих случаях выявить их весьма трудно…», — деп жазылған.

Бұрынғы байларға, діни тұлғаларға өкімет тарапынан азық-түлік түрінде көмек беруге шектеу қойылғанына қарамастан, колхоздағы азық-түлік пен астық сақтайтын қоймаға жауапты адамдар және кейбір басшылар оларға да жасырын түрде жәрдем берген. 1934 жылы 9 сәуірде Ақтөбе обкомының ВКП (б)-ның Қазақстан өлкелік комитетінің хатшысы Мирзоянға жолдаған ақпаратында мынадай дерек жазылыпты:

«В Иргизском районе:

…в ауле №1 в списке получающих продпомощь и выдача ее производится осужденным баям, муллам, аткамнерам, аксакалам и прочим чуждим элементам. Например:

  1. Имандосов Алмагамбет — быв. крупный бай, проживающий под фамилией Байменова
  2. Курмашев Алмагамбет — быв. мулла
  3. Жаксалаков Нагажбай — быв. руководитель банды
  4. Шиндавлетов Уксукбай — бандит, рецидивист, осужденный на 2 года
  5. Кожиков Бринжар — бандит, осужденный на 2 годе.
  6. Алимкулов Дюисен — осужден на 5 лет, бай…».

Бұрын өз күнін өзі көріп келген халық, мыңғырған малы болған байлар осындай халге қалай жетті дегенде, Мұстафа Шоқайдың 1937 жылы жазылған «Сталин социализмі — тонаушылықты қамтамасыз ететін саяси жүйе» атты мақаласындағы мына жолдар еске түседі: «Кеңес Одағынан басқа ешбір елде ешқашан халық бұқарасы дәл осындай талан-таражға түскен емес. Оған мына төмендегідей дәлелдер келтіруге болады. Большевиктер үкімет басына келместен бұрын, «жалпы халық бұқарасы пайдаланатын алуан түрлі мал-мүліктен салық алу еңбекшілердің мүддесіне қарсы келеді. Мұндай салық күшін жоюға тиіс» десетін. Ал өздері үкімет басына келген соң «социалистік мемлекеттің қаржысы, негізінен, мемлекет қожалықтарынан жиналады» деп, мүлде басқа әуенге басты. 1919 жылы VIII партия құрылтайы бекіткен бағдарламада осылай деп атап көрсетілген…

Социализм атымен халықтың талан-таражға түсіп жатқанын біле түсу үшін ресми түрдегі салықтардан басқа алуан түрлі «мемлекеттік алымдарды» есте ұстаған жөн. Осындай алымдардың қаншама тонаушылықпен жүргізілетінін астық мәселесінен өте-мөте анық көреміз. Шаруалардан ең жоғары дегенде әр пұтын (16 кг) 1 сом 40 тиын – 1 сом 50 тиыннан сатып алған астықты жұмысшы-шаруалардың өздеріне бір килограмын бір сомнан сатады. Астықты большевиктер спекуляция товарына айналдырып алған. 1937 жылғы бюджетке астықтан кіретін кіріс 24 млрд деп көрсетілген. Кеңестер Одағында үстемдік құрып отырған социализмді тонаушы дейтін себебіміз, міне, осыдан».

Ал аштықтан азап шеккен халыққа, жекелеген азаматтарға жәрдем көрсетеміз деп жүріп, істі болған, қудалауға ұшыраған адамдар туралы деректер архивтерде тұр. Алдағы уақытта ол істер зерттеліп, тарихи әділеттілік қалпына келтіріледі деп сенеміз.

 

 Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

/aqtobegazeti.kz/