Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бас ұстаз университет ұжымымен кездесті

Бас ұстаз университет ұжымымен кездесті

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді.
Жұмыс сапары барысында ол Жұбанов университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. Кездесуге Ақтөбе облысының әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова арнайы қатысты.

Оқу ордасында келген бас ұстазға Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова бас оқу ғимаратын аралатып, материалдық базасымен таныстырды. Онда алдымен университет ғимараттарының демонстрациялық макетін тамашалап, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығын, Студенттер сарайын аралады.

Кездесуде сөз алған Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова бүгінгі кездесу үшін алдымен ведомство басшысына алғысын білдірді. «Мемлекет пен министрлік тарапынан педагогтар мен студенттер үшін ең жақсы жағдай жасау және қолдау үшін үлкен жұмыс атқарылуда», — деді Л.Қарабасова.

Өз кезегінде Басқарма төрағасы Жұбанов университетінде ең бірінші кезекте білім беру сапасына және оқытушылардың жалақысын арттыруға, зерттеу қызметін дамытуға, білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық берілетінін жеткізді.

Кездесу барысында министр Асхат Қанатұлы білім беру сапасын арттыру, үш тілде білім беру, педагогтың мәртебесі мен ғылымға бөлінетін қаржы және басқа да өзекті мәселелер жайлы баяндады. Сондай-ақ, ведомство басшысы педагогикалық қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту және барлық деңгейде білім сапасын арттырумен жаңартылған білім бағдарламасының артықшылықтары төңірегінде министрлікпен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Еркін диалогқа құрылған жиын барысында құрылым басшылары өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, ұсыныстарын білдірді.