Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Рухани жаңғыру жетістігі — 100 жаңа оқулық

Рухани жаңғыру жетістігі — 100 жаңа оқулық

Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық

Рахым БЕКНАЗАРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры,

тарих ғылымдарының докторы.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік университет оқулықтары қазақ тіліне аударылды. Бұл біздің студенттерге берілген зор мүмкіндік.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылыми кітапхана қоры аталған жоба бойынша басылып шыққан оқулықтармен толықтырылды. Философия, әлеуметтану, тіл білімі, журналистика, психология, антропология, дінтану, экономика, менеджмент, басқа да бағыттар бойынша 100 атаумен 22 704 данасы тегін алынды.

Сондай-ақ 2017 жылы университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  «Жұбанов кітапханасы» сериясы ғылыми жобасы бойынша 100 кітапты басып шығару ісі қолға алынған болатын. Университет ғалымдарының алғашқы 10 кітабы Қазақстан Республикасының «Кітап палатасы» арқылы баспадан шығып, 2018 жылы 22 наурызда тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталған жобаға оқытушы-профессорлар құрамының еңбектері енді. Бұл кітаптар әр сала мамандарына, магистранттар мен студенттерге, төл тарихымызға қызығушылық білдіретін қалың оқырманға арналады.

Қазіргі таңда барлығы 49 атаумен (35 монография,10 оқу құралы, 2 ғылыми жинақ, 2 мақалалар жинағы ) 1870 дана кітап шығарылды. «Жұбанов кітапханасы» сериясы бойынша шыққан оқулықтардың электрондық нұсқасын  http://library.arsu.kzhttp://neb.arsu.kz сайттарынан колледж бен мектеп оқушылары да қолдануларына толық мүмкіндік бар.

Университетімізде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша шыққан оқулықтардың барлығы оқу процесіне енгізілді. Бүгінде студенттер мен магистранттардың, жалпы оқырман қауымның қолданысына ие.

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің кафедра меңгерушісі,

философия ғылымдарының кандидаты.

БОЛАШАҚҚА ЖАРҚЫН БАСТАМА

Елбасының «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» мақаласында алты үл­кен жоба аталды. Сол жобалардың бірі — «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Осы жоба арқы­лы жалпы гуманитарлық білімнің маз­мұны мен сапасы мүлде жаңа деңгейге шығуға тиіс.
Барлық қоғамда оның мәдениеті мен ғылымының дамуына ықпал ететін — өнерлі әрі білімді адамдар. Ал мұндай адамдардың қалыптасуына тікелей ықпал ететін — отбасы, білім алатын орта, қоғам. Ғылымның өзі қоғамнан интеллектуалдық тәжірибені талап етеді. Ал қазіргі уақытта болашақ ұлт зиялыларын қалыптастырудың бірден-бір себепкері университет болуға тиіс. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының маңызын осы тұстан да көре аламыз.

Бұл жоба — қазақтілді студент жастарға берілген жаңа мүмкіндік.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында:

«Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет», — деген болатын.

Бүгінде елімізде қоғамдық сананың, соның ішінде ғылымның уақыт талабына сай ілгерілеуіне негізделген бағдарламалар қалыптасты. Бір ғана «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар міндеттер жүзеге асуда. Ендігі жерде осы жарық көріп отырған оқулықтарды тиімді пайдалануда университеттердің алдында әлі де үлкен міндеттердің тұрғандығын ескеруіміз керек. Біздің ойымызша, білім жолындағы жастардың болашақ интеллектуалды интуициясын қалыптастыру үшін оқыту жүйесіне жаңа өзгерістер енгізу қажет. Адамның кітап оқуына уақыт бөлінуге тиіс. Сонда барып университеттердегі кафедралар толыққанды білім беру, ал студент жастар толыққанды білім алу мүмкіндігіне ие болмақ.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ел мүддесімен ұштасып жатқан идеяларды, міндеттерді жүзеге асырудың өзі рухани деңгейді, ғылыми ортадан жаңа тәжірибелерді ұсынуды талап етеді.

Жастардың білім көкжиегінің кеңеюі, олардың әлемнің мықтыларымен иық теңестіріп, тілдесуі үшін олар оқыған кітапты танып, олар білген білімді алғаны абзал. Жалпы, «100 жаңа оқулық» жобасы жастардың болашағына салынған интеллектуалды инвестиция болмақ.

ЖАСТАРДЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ ЖОҒАРЫ

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасы — Қазақстан қоғамындағы гуманитарлық білімнің іргелі негіздерін өзгертуге бастайтын маңызды қадам.

Батыстың ең көрнекті ғалымдары жазған оқулықтардың мемлекеттік тілге аударылуы әлемдік гуманитарлық ойдың жетістіктерін тек интеллектуалды элита мен кәсіби топтар ғана емес, сонымен қатар көпшілік те жақсы қабылдады.

Қазақ тілінің семантикалық кеңістігі оның танымдық функцияларын едәуір кеңейтетін және бұқаралық қоғамдық сананы жаңа деңгейге шығаратын 3000-нан астам жаңа ұғымдар мен категориялармен толықтырылды. Олардың бірсыпырасы қазақ тілінен, халықаралық ғылыми лексикадан енді ғана кіріп жатқан жаңа сөздер.

Бұл жобаны іске асыру бірқатар аса маңызды жүйелі мәселені шешуге жол ашады. Біріншіден, гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 үздік оқулығы қазақ тіліне түпнұсқа тілден тікелей аударылуда. Сол арқылы тілдің дамуына аса қажетті ғылыми мазмұн мен лексика дамиды. Кез келген тіл — ең әуелі сол тілдің мазмұнымен күшті, өзімізге де, өзгеге де сонысы­мен құнды әрі қызықты. Олай болса, бұл бастама тілімізді жаңа биікке көтеретін қуатты платформа деуге болады.

Екіншіден, гуманитарлық салалар бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалмақ. Біздің оқу орындарындағы мазмұн және академиялық талқы деңгейі әлемнің ілгері ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады.

Үшіншіден, аса ауқымды аударма жобасы қазақстандық аударма мектебінің күшейіп, жетілуіне жағдай жасайды.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің «Қоғамдық-гуманиатрлық пәндер» кафедрасы осы жоба аясында аударылған кітаптарды оқу процесіне 2018-2019 оқу жылдары енгізе бастады. Қазақстанның қазіргі заман тарихы, философия, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану, психология пәндерін оқыту барысында кең қолданылады. Кафедрада К.Армстронгтың  «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» және А.Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы», Д Бринкерхофтың «Әлеуметтану негіздері», К.Калхунның «Оксфорд әлеуметтік ғылымдар сөздігі», Э.Гомбрихтің «Өнер тарихы», Ф.Роберт, Трагердің «Дипломатия» еңбектерін қоғамдық-гуманитарлық пәндерді оқытуда жиі пайдаланамыз. «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» кафедрасы, «Зерде» қоғамдық пікірсайыс клубы, профессор А.Тайжановтың жетекшілігімен мемлекеттік тілге аударылған шетелдік оқулықтарды жүйелі түрде студенттерге таныстырып, мазмұнын бірге талдап отырады. Әсіресе бұл еңбектерге студенттер тарапынан қызығушылық өте жоғары деуге болады. Жалпы қоғамды рухани тәрбиелеуде гуманитарлық білім беру, оны дұрыс оқыту аса маңызды екенін әлемдік тәжірибе мойындап отыр.

Аталған жобаның мақсаты нақты айқын. Сондықтан ашық сананы қалыптастыруда бұл еңбектердің рөлі зор деп есептейміз.

 

Б.МОЛДИН,

Марат Оспанов атындағы

Батыс Қазақстан медицина университетінің

       «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер»

 

/aqtobegazeti.kz/