Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ресейлік ғалым ғылыми семинар өткізді

Ресейлік ғалым ғылыми семинар өткізді

Жұбанов университетінің «Тарих және дінтану» кафедрасының шақыруымен танымал ресейлік тарихшы, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессоры Кубышкин Александр Иванович ғылыми онлайн-семинар өткізді.

Кубышкин Александр Иванович — АҚШ-тың жоғары білім бойынша сарапшысы, Фуллбрайт (1 996–1997, 2010–2011 жж.) және Фулбрайт-Кеннан (2003 ж.) стипендиаты, Фулбрайт және Фулбрайт-Кеннан бағдарламаларының басқарма мүшесі, «Қала және мантия. Азаматтық қоғам құрылымындағы Америка университеті» монографияның авторы.

Ғылыми онлайн-семинарды Жұбанов университетінің Басқарма мүшесі, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров жүргізіп, оған кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы, докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты. Сондай-ақ семинарға Санкт-Петербург қаласының тарихшы ғалымдары И.И.Курилла, В.М.Монахов, А.А.Сергунин, В.Н.Қонышев, И.А.Цветков сынды тарихшылары үлес қосты.

Семинарда Александр Кубышкин соңғы онжылдықта әртүрлі ішкі саяси процестердің әсерінен АҚШ-тағы жоғары білімнің өзгеріп жатқанын ерекше атап өтті. Тарихшы баяндамасында АҚШ университеттеріндегі оқыту әдістемесінің ерекшеліктері, студенттердің білім алуына жағдай жасау, білім беру мекемесінің қызметіне мемлекеттік саясаттың ықпалы туралы да сөз қозғады.

Семинарға қатысушылар американдық университеттердің пайдалы тәжірибесін қазақстандықтарға сәтті қолдануға болатынын және жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту процесінде ескеру қажет деген түйінге келді.

Халықаралық жиын соңында тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров мазмұнды баяндамасы үшін баяндамашыға, семинарды ұйымдастырған «Тарих және дінтану» кафедрасына зор алғысын білдірді.