Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мектепте кафедра филиалы ашылды

Мектепте кафедра филиалы ашылды

Жақында Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектепте теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының филиалы ашылды. Кафедра филиалын құрудағы басты мақсат – кәсіби мамандар дайындау сапасын арттыру, оқу үдерісінің практикалық бағытын жетілдіру және кеңейту, сонымен бірге бірлескен ғылыми-зерттеу жүргізу, олардың нәтижелерін өндіріске енгізу.

1939 жылы ашылған Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін, білім ордасының тарихы әріде жатыр. Мектеп ұжымы бүгінгі заман талабына сай игі бастамалардың алдында. Жетістіктері қала, облыс көлемінде танылып келе жатқандығы туралы мектеп директоры А.Т.Күштаев ерекше атап өтті.

Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, АӨМУ профессоры  К.К.Садирова және факультет оқытушылары филология ғылымдарының докторы, АӨМУ профессоры С.С.Исакова,  филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушылар Ж.М.Макешова, К.Ә.Қондыбай және филология магистрі, оқытушы Г.К.Тәңірбергенова, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенттерінен  құрылған делегацияны  мектеп басшылығы мен мұғалімдері жылы қарсы алып, әріптесе жұмыс жасау идеясына қолдау білдірді.

Өз кезегінде факультет басшысы мен оқытушылары алдағы уақытта өткізілетін ғылыми-әдістемелік шаралармен таныстырып, өз жоспарларымен бөлісті. Әсіресе, жаңартылған білім мазмұнына байланысты біршама ауқымды жобалардың бар екендігін, атап айтқанда әдістемелік семинар өткізу, тәжірибе алмасу мақсатында ашық сабақтар беру, студенттер үшін өндіріс орнында үлгі сабақ өткізу, кеңес беру, бітіруші түлектер мен жас мамандарды өздерінің кәсіби қызметіне тез  бейімделуіне жағдай жасау секілді жұмыстар күн тәртібінде тұрғандығын алға тартты.

Жиын барысында бірінші санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік мұғалімдері, университетіміздің түлектері өздері тәмамдаған оқу орнындағы ұстаздарына алғысын білдірді. Шара мектеп мұғалімдері мен оқушылары әзірлеген салтанатты концертпен жалғасты.