Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақынмен әсерлі кездесу

Ақынмен әсерлі кездесу

Жұбанов университетінде студент жастардың рухани тәлім-тәрбиесіне ерекше мән беріледі. Осы мақсатта оқу орнында түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар, белгілі мәдениет, өнер майталмандарымен арнайы кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұл ретте бүгін университеттің ғылыми кітапханасының оқу залында ақын, сазгер, аудармашы Гүлсамал Аймахановамен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуді Басқарма мүшесі, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Есбол Мұханбетқалиев ашты. Ол рухани тәрбие бағытында университетімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен игі шараларға тоқталып өтті. Университет проректоры кеш иесіне Басқарма төрағасы-Ректор Лаура Қарабасованың арнайы алғыс хаты мен сый-сыяпатын табыстады.

Аққанат ақындығыңыз, ақжарқын да аяулы асқақтығыңыз – өмірін өлеңмен өрнектеген қыз-ғұмырдың басты куәсі. Өзіңіз өңіріміздегі романтикалық жыр десте, лирикалық отты жырлардың авторы ретінде танылдыңыз.

Сіздің жинақтарыңыз, әр баспасөз беттеріндегі өлеңдеріңіз – аймақтық әдебиеттің ғана басты арнасы ғана емес, сонау Фариза, Ақұштап, Марфуға секілді алтын апамыздың ізін жалғастырған тұлға ретінде мөлдір бұлақсыз.

Шығармашылығыңыз өрлей берсін, шабыттың шалқар белесін, ақындықтың ақсұңқар тұлпарын, қиялдың асыл пырағын, эстетикалық ой-талғамның шырағын тілейміз. Деңізіге саулық, отбасыңызға амандық, еңбегіңізге табыс білдіремін, — делінген алғыс хатта.

Айта кетейік, Гүлсамал Аймаханова мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосып келеді. Елдің мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен марапатталған. Ақын, сазгер, аудармашы, ҚР Журналистер Одағы, Жазушылар одағының мүшесі және Қазақ Авторлар Қоғамының мүшесі.

Гүлсамал Аймаханованың ауыз толтырып айтарлықтай атқарған істері көп.

Ең алғаш өлеңдері 1992 жылы жас ақындардың республикалық «Жалын» баспасынан «Мерейлі мекен» жинағына енгізілді. Тұңғыш жыр кітабы «Көкемарал» Алматыда «Отырар» баспасынан көрнекті ғалым Есет Жұбановтың «Поэзия самалы тербеген жыр гүлдері» деген алғысөзімен жарық көрді. «Көкемарал» кітабын ақын Есенбай Дүйсенбайұлы «Жарық дүниеге құштарлық пен іңкәрлік жыры» деп бағаласа, Мұхтар Құрманалин «Абыз ақын тілегін» арнады. 2008 жылы «Еңлікгүл» атты екінші жыр жинағы республикалық «Сардар» баспасынан Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің «Жырың көрікті болсын!» деген батасымен шықты.

Расында поэзия мен журналистиканы қатар ұштастырған ақын әр жерде лайықты бағасын алып жүр.

Бүгінгі поэзия кешінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттері ақынның шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен қуаныштан, шын сағыныштан туған шығармаларын жатқа оқып, шығармашылық кештің ажарын ашты.

Айтулы кеште Гүлсамал Төрединқызы халық игілігіне жасап жатқан жұмыстары, шығармашылығындағы жаңалықтары туралы айтып, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ақын университет басшылығы мен ұжымына алғысын жеткізді.