Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Кеңес билігіне қарсы шыққан діндерлар ақтала ма?

Кеңес билігіне қарсы шыққан діндерлар ақтала ма?

Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университетінің ғимаратында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Философия, саясаттану және дінтану институтының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы «Дін дүрбелеңі»: кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияны Бақытжан ­Сатершинов жүргізіп, модераторлық жасады.

Алқалы жиында саяси қуғын-сүргін көрген дін қайраткерлерінің рухына Құран бағышталып, дұға жасалды. Конференция ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының баяндамасымен ашылды.

Жиында Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов, философия ғылымының докторы Амангелді Айталы, ҰҒА академиктері, тарих ғылымының докторлары Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, ­Дархан Қыдырәлі, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жұмыс тобының мүшелері Бақытжан Сатершинов, Рахым Бекназаров, Досай Кенжетай, Юлия Шаповал, сондай-ақ ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері Шамшәдин Керім, Мұхан Исахан, Төреәлі Қыдыр т.б тарихшы ғалымдар баяндама жасады.

Баяндамашылар саяси қуғын-сүргін тарихындағы дін өкілдері мен кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары жайлы ­баяндады.

Республи­ка­лық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Абай атын­дағы Қазақ ұлттық пе­­да­­­­гогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді онлайн қатысып, «Азаттық қозғалыстағы дін мен дін қызметкерлерінің орны» тақы­ры­бында баяндама жасады. «Дін – кез келген ұлттың мәдениетінің қалқаны, қорғаны. Патшалық Ресей де, большевиктер де мұны жақсы білді. Сөйтіп, дінге қарсы жұмыс істеді. Өйткені дін жайған имамдардың халық арасындағы беделі өте жоғары болды. Имамдар Алаш қозғалысына да дем берді. Мәселен, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» кітабына тыйым салынғанда имамдар оны мешіттерде қолдан көшіртіп, таратты. Сол үшін де олар кейіннен қудаланды», – деді Мәмбет Қойгелді. Тарихшы баяндамасында 30-жылдары ишандар ісі көтеріліп, сопы операциясы жүргізілгеніне арнайы тоқталды. Мәселен, большевиктер Шаянда мешіт-медресе ұстаған Аппақ ишанды қолға түсіріп, түрмеге қамап, ғұмырын қиғанын, тіпті ишанның үрім-бұтағына дейін қудалағанын айта келіп, сопы операциясы арқылы көптеген дін қызметкерлерін аяусыз жазалағанын атап өтті.

Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, ҰҒА академигі Талас Омарбеков «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңестік биліктің дін қайраткерлеріне ұстанымы: қасіретті сипаты мен салдарлары» тақырыбында баяндама жасап, «Дін өкілдері дүние жинамады. Сондықтан 20-жылдардағы кәмпескелеу науқанына ілінбеді. Алайда 30-жылдары қазақ даласында бұрқ еткен халық көтерілістерінің басында дін өкілдері тұрды», – дей келе сол уақыттағы дінге қарсы көтерілістің ұйымдастырушылары болған Жұмағазы хазірет, Ақмырза имам секілді дін қайраткерлерінің қажырлы еңбегінен мысал келтіріп, олардың өздері мен отбасыларының қалай қудаланғанын атап өтті. ­Талас Омарбеков баяндамасында Ахмет Әділбаев деген молданың Сталинге жазған хатынан үзінді оқып, қудаланған дін қайраткерлерін ақтау жолында тізе қосып еңбектену керегін алға тартты.

«Қазақстандағы дінге қарсы саяси қуғын-сүргіннің өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Сатершинов: «Негізінде діндарларға қарсы саясат Патшалық Ресей кезінде басталды. Осы саясатты большевиктер жалғастырды. Оның дүниетанымдық негізгі төркіні марксизмнен алған ленинизмнен басталды. Билікті Сталин өз қолына алғаннан кейін сталинизм идеологиясына негізделген дінге қарсы саясат жүргізілді. Бұл саясаттың түпкі негізі, істеген қылмыстары барынша адамшылыққа қарсы антигуманистік сипатта болды», – деді. Сондай-ақ ғалым архив деректеріне сүйене отырып, дін қайраткерлері мен ұлт зиялылары арасында рухани байланыс болғанын алға тартты. Сол себепті дін қайраткерлеріне антисоветтік агитация жасады, контрреволюциялық әрекетке барды, шпионажбен айналысты дегендей айып тағылып, қуғын-сүргін көргенін атап өтті.

Конференцияда философия ғылымының докторы Аман­гелді Айталы «Кеңестік атеизм – дінге қарсы қуғын-сүргіннің идео­логиялық негізі», Ясауи атындағы ХҚТУ Теология факультетінің деканы Досай Кенжетай «Созақ феномені: құн­дылықтар қақты­ғысы», Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе аймақтық мемлекеттік уни­верси­тетінің проректоры ­Рахым Бекназаров «Саяси қуғын-сүргін тарихындағы дін өкілдері: Ақтөбе облысы материалдары негізінде», ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері – Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шәмшедин Керім «Оңтүстік Қазақстан облысындағы 1937 жылғы дін өкілдеріне қарсы репрессия», дінтану ғылымының PhD докторы Мұхан Исахан «1930 жылдардағы Кеңес үкіметіне қарсы көтерілістердің діни сипаттары», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және фольклортану» ғылыми-инновациялық орталығының директоры Төреәлі Қыдыр «Ахундық һәм ишандық мектеп өкілдеріне қарсы репрессия және оның салдары» тақырыптарында баяндама жасады.

Жиын соңында теориялық және тарихи тұрғыдан қарастырылған Қазақстанның жалпы және жекелеген аймақтарына қатысты ­баяндамаларды түйіндей келе, конференция жұмысының нәтижесі ретінде қарар қабылданды. Қарарды ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі ­Смайыл Сейтбеков оқып берді. Жиынды қорытындылаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы конференцияға қатысып, баяндама жасап, тың деректер келтіріп, дін қайраткерлерін ақтауға қатысты ұсыныс-пікір білдірген тарихшы ғалымдарға алғыс айтып, бұл жұмыстар әлі де жалғасатынын, дін қайраткерлерін ұлықтауға жіті назар аударылатынын айтты.

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

 

/anatili.kazgazeta.kz/