Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > «Үздік ғылыми қызметкер» 6 млн теңге алады

«Үздік ғылыми қызметкер» 6 млн теңге алады

Қазақстанның 50 үздік ғалымы 6 млн теңгеден алады. Ақшалай сыйақылар «Үздік ғылыми қызметкер» республикалық байқауының жеңімпаздарына беріледі. Бұл – ғалымдарды қолдауға бағытталған алғашқы ауқымды сыйақы. Өтінім қабылдау 15 қарашада басталып, 15 желтоқсанда аяқталады.

Аталған конкурс отандық ғы­лы­мның дамуына елеулі үлес қос­қан ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің еңбегін бағалау ба­ғытында қолға алынған. Білім және ғылым министрлігі жа­нын­дағы Ғылым комитетінің тө­ра­йы­мы Жанна Құрманғалиева бұл туралы: «Қазіргі таңда отандық ғылым саласында даму­дың жаңа сапалы кезеңі бас­тал­ғандай. Ғалымдарымыздың ең­бек­тері әлемдік нарыққа шы­ғып жатыр. Жақында ғана біз 14 қазақстандық ғылыми әзір­ле­менің Қытай, Ресей, Түркия, Грузия, Чехия және Қырғызстанға экспортқа шығарылатыны туралы мәлімдеген едік. Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша министрлік ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан ке­йін­гі білім беру ұйымдарының қыз­мет­керлерін жан-жақты қолдау мәселелеріне назар аударады. Қа­зақстандық ғалымдарды ынталан­ды­ру және ғылыми қызметтің беделін арттыру бойынша шаралар әзірленіп, іске асырылып келеді. Биыл министрлік алғаш рет еліміздің үздік ғалымдарына 50 сыйақы тағайындамақ. Олар­дың әрқайсысы шамамен 6 млн теңгеден алады», деді.

Комитет басшысының айтуынша, ғылыми жетістіктерді ба­­ға­­лайтын барлық критерий ғылыми және сарапшылар қауымдастығымен бірле­сіп әзір­­ленген. Байқау комис­сия­сы­ның құрамына еліміздің түрлі бағытта қызмет ететін жетекші ғалымдары мен ғылыми қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді.

Конкурсқа қатысуға өті­нім ми­­нистрліктің https://uni­ve­­r­sitycontest.iac.kz/bestre­sear­cher/­ ақпараттық жүйе­сі ар­қы­лы электронды форматта 15 жел­тоқсанға дейін қабыл­данады. Үміткерлердің ғылы­ми жетістіктері ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, ғылы­ми жарияланымдары мен мо­но­гра­фия­ла­ры­ның болуы, ғы­лыми жобалар мен бағдар­ла­ма­ларға басшылық жасау сияқты критерийлер бо­йын­­ша бағаланады. Бұл ретте үміткер соңғы жылы университет­те кемінде бір пәнді жүргізіп, сон­дай-ақ соңғы 3 жылда PhD философия докторы ғылыми дә­ре­жесі бар кадрларды даярлауы және ғылым мәселелері жөніндегі консультациялық органдардың жұмысына қатысуы міндетті. Со­ны­мен бірге байқауға қатысушы ғылыми әзірлемелерінің өндіріске енгізілуі бойынша нәтижелерін ұсынуы қажет.

Байқау қорытындысы бо­йын­ша жеңімпаздарға 2000 АЕК кө­ле­мін­де сыйақы беріледі. Бұл 5 млн 834 мың теңгені құрайды.

/egemen.kz/