Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 1934 жылы да аштықтан өлгендер көп

1934 жылы да аштықтан өлгендер көп

Қазақтың тарихындағы кезкелген оқиғаға үңілсек,арғы жағында елдің тағдырына қатысты мәселе тұрады. Ел тағдырына қатысты мәселенің, қай заманда болмасын, ең өткір әрі өзектіекені мәлім. Ұлттық мүддеге қатысты мәселелердің барлығы осыдан туындап отырған. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты салдарынан тұтанған ұлттың азаттығы жолындағы күрестер — сөзімізге дәлел.

Ұлт мүддесі бәрінен де жоғары тұрғандықтан, қызылдар билігі тұсында да озбырлыққа қарсы күрес көп болды. Себебі, жат билік қазақ қоғамында көнеден қалыптасқан дәстүрлі мәдени игіліктерді, қоғамның ішкі құрылымын күштеп, қасақана және әділетсіз түрде өзгертуге күш салды. Отаршылардың неше түрлі сорақы істеріне, отарлау шараларына деген наразылық, ашу, ыза ақыр соңында ұлттық көтерілістерге айналып,адам шығыны өте көп болып, мал басы да кемігені белгілі.

Отарлық заманда орын алған саясаттағы әділетсіздік елдің тұрмысын, ата-баба тәжірибесінің пайдасын жоққа шығару мен кемсітуден де көрінді десек, бұның арғы жағында үлкен саясаттың болғанын зерделеу қажет. «Түркістандықтарды, халықтың барлық жіктерін өз қол астына бірлестірген патшалық Ресейдің жалпы саясатын айтпағанда, түркістандықтарды майданға қара жұмысқа шақырған бұйрықтың өзі ұлттың табиғатына, рухына жат еді. 1916 жылы маусымның 25-ікүні шыққан патша жарлығы түркістандықтарды тапқа бөліп жатпай-ақ, майдан жұмысына шақырды. Осы алапат барлық түркістандықтарға бірдей төніп еді…Ресейде барлық құқықтарынан айырылып, мүлде құқықсыз қалған орыс мұжығы Түркістанға келген соң, қожайын болып шыға келуші еді. Олардың заты, малы жоғалса, бізді жауапқа тартатын еді. Атамекеніміздің ең шұрайлы жерлері соларға тартып әперілетін. 1916 жылғы «төңкерістің ұрығы» патшалық Ресейдің осы мұжық саясаты нәтижесінде өсіп-өнген еді», — деп жазды Мұстафа Шоқай өзінің «1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс туралы большевиктердің өтірігі» атты мақаласында.

Ал кеңес заманы да алапат қасіреттерімен есте қалды. 1930 жылдардың басындағы ашаршылық та ұлтқа қарсы қитұрқы саясаттың бір бөлшегі болуы әбден мүмкін. Соғыс пен аштықтан күйзелген елге ең әуелі жан қайғы болатыны түсінікті…

Әдетте біз «1932-1933 жылдардағы аштық» деп еске аламыз. Алайда егер облыстық мемлекеттік архивтегі материалдарға үңілсек, тіпті 1934 жылдың өзінде аштықтың салдарынан болған адам өлімінің азаймағанын көреміз. ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық бөлімінің 1933 жылдың 25наурызындағы мәліметінде, облыстың Ойыл, Торғай, Батпаққара, Темір, Табын, Шалқар және тағыда басқа аудандарында аштықтан адам өлімінің азаймай отырғаны айтылған.1933 жылдың 23 ақпанындаОйыл ауданының №7,8,9,10,16, 17,18 және 23-ауылдарында 353 адам аштықтан өлген. «Ал 1932 жылдың желтоқсаны мен 1933 жылдың ақпаны аралығында Ойылдың өзінде 167 адам аштан өлген, адам өлімі тоқтамай отыр, №7,9,10,14,16 және 18-ауылдарда 876 отбасы шұғыл көмекке зәру» делінген хаттамада.

Одан арғы деректерде айтылғандай, 1933 жылдың 10 ақпанында Батпаққара ауданының № 1,3,5,6,7 және 10-ауылдарында аштықтан 321 адам өлген. Сонымен қатар 1932 жылдың 1 маусымында тіркелген мәлімет бойынша аталған ауданда — 4781 адамның, 1932 жылдың қазанынан 1933 жылдың наурызына дейінгі аралықта 1046 адамның аштан өлгені жазылған. Егер адам өлімі тоқтамай,осылай жалғаса берсе, келесі жылдың көктеміне дейін ауданда халықтың 25 пайызы ғана тірі қалатыны айтылыпты.

1933 жылдың қаңтарында Темір ауданының №2 ауылында 25 өлім тіркелген. Ал №6 ауылда 10 отбасы, оның ішінде 28 адам қайтыс болған. №6,4 және 2- ауылдарда 147 отбасы, оның ішінде 556 адам шұғыл көмекке мұқтаж делінген.

Ашаршылыққа қатысты деректердіңжүйелі түрде тіркелмегенін ескеру керек. Кейбір мәліметтер қағазға түспей, сырт қалған. Кездескен деректердің өзінде мәлімет толық берілмейді. Осының салдарынан аштықтан қаза тапқандардың нақты саны, тізімібізге белгісіз боп қалып отыр. Білетініміз — ел осы аштықтың салдарынан жан-жаққа босып, көп адамжолда да өлген. Мәселен, сол кездегі Ақтөбе облысы Торғай ауданының (қазір Қостанай облысына қарасты) тұрғындары Ырғыз ауданының өзенге жақын ауылдарына қарай босқан. Көбісі жолдақайтыс болған. Ырғыз, Әйтеке би аудандарында ұлт-азаттық көтеріліс пен ашаршылық құрбандары жерленген бірнеше жер атаулары айтылады. Олардың көбі ауылдағы үлкен кісілердің қатары азайған сайын, әрі арнайы көңіл бөлініп, зерттеліп жатпағандықтан да ұмыт болуға айналды. Ауылдағы кейбір үлкен кісілердің сөздеріне сүйенсек, бірғана Ырғыз селосының өзінде ашаршылық құрбандары жерленген кем дегенде, төрт орын бар. Олардың біріншісі — Ырғыздағы орталық мешіттің жанындағы қорым. Екіншісі— Ырғызға кіреберіс жердегі Итмола қорымы. Сонымен қатар осы аудан орталығындағы №1 мектептің маңында және Сабынкөл жақ бетінде де жерленген болуы мүмкін деген болжам бар. Бұл жерлерде, басқалармен қатар, Ырғыздағы балалар үйінде аштық пен індеттен қайтыс болған балалар да жерленуі мүмкін.Үлкен кісілердің айтуы бойынша өткен ғасырдың 60-жылдарындағы құрылыс жұмыстары кезінде осы жерлерден адамдардың сүйегі шыққан.Ауыл ақсақалдарының айтуынша, аштан қырылған тұрғындар Сабынкөл жаққа немесе Итмолаға жерленуі мүмкін. Ол кездеСабынкөл мен ауылдың ортасында үлкен жыра болған. Аштық пен аурудан өлген адамдар осы жыра мен ауылдың жанындағы пеш кесек басу үшін қазылған апандарға көміліп отырған екен.

Архив деректеріне сүйенсек, 1934 жылдың сәуір айында облыстық атқару комитетінің төрағасына берілген мәліметтерде Ырғыздағы балалар үйінің жағдайы баяндалған. Сол жылдың өзінде Ырғызда 2 балалар үйі болған. Оның бірі — қараусыз қалған жетім балаларға арналған балалар үйі. Мұнда сол кездегі дерек бойынша 470 бала жатқан. Екіншісі — мектеп-интернат. Мұнда 300 бала болған. Сонымен қатар осы жылы маңайдағыаштыққа ұшыраған қазақ ауылдарынан 60 бала әкелініп, ауруханаға жатқызылған. Балалар үйінде — тамақ, ал ауруханада дәрігер болмағандықтан, 1934 жылдың өзінде осы 60 баланың 46-сы қайтыс болған. Құжаттарда ауруханада ет, сүт өнімдері, ұн болмағандықтан, аштықтан әлсіреген балаларды құтқару мүмкін болмағаны, әлсіреген балалардың арасында түрлі аурулардың өршігені жазылған. Ал тағы бір құжаттар бойынша осы жылы Қарабұтақта да балалар үйі мен мектеп-интернатта жүз-жүз баладан екі жүз бала болған.(Бұл құжаттар облыстық мемлекеттік мұрағаттың13-қорындағы 1-20 ісқағаздарында сақтаулы тұр.)

Сол жылдары аштықтан өлген балаларды қысты күні үлкен шұқырға көміп, қар ерігенде олардың сүйектері көрініп жатқаны туралы жазушы Өтебай Қанахиннің естеліктерінде де айтылған: «…Аштықтан әлім бітіп, көзім қарауытып, есім бірде кірсе, бірде кірмей, тек кірпігім ғана қимылдап, жұртта қалған тастанды күшік сияқты шалажансар жатқан жерімнен ересек біреулердің тауып алып, сыртта тұрған шанаға апарып салғанын, үстіме киіз жауып, қымтап жатқанын еміс-еміс білемін. Сөйтсем, бұлар аштықтан жаппай қырылып жатқан қазақ ауылдарын аралап, ең болмаса, тірі қалған бала-шағаны аман алып қалу үшін қыстау-қыстауды аралап жүрген комсомол жасақтары екен. Жолда бір жерге тоқтап, бір ұрттам ыстық ас бергенде барып есімді жидым. Бізді алып келе жатқан екі адамның әңгімесіне құлақ түрдім. Олар бір қыстаудың есігін қар басып қалғанын көріп, күрекпен аршып үйге кіріпті. Ортасынан пешпен бөлген үйдің кең зәменкесін айнала өліп жатқан балаларды көреді. Әке-шешесімен 11 баласы — біреуі қалмай аштан өліпті. Осыны айтқанда делбе ұстаған жігіт еңіреп жылап келе жатты. Қалқанды шананың ішінде  менен басқа тағы бірнеше бала бар екен. Көбі басын көтере алмай әлсіз ыңырсиды. Бізді қалаға әкелгенде, шанадағы 9 баладан бесеуміз тірі жеттік.

….Бізді Ырғыздағы панасыздар үйіне орналастырды. Онда тіпті қиын екен. Арық-тұрақ, өзі аш балаларды  бит жеп өлтіргенін көзім көрді. Қыстың ұзақ түнінде таң алдында түзге шықтым. Дәретхана деп ойлап, оның қасындағы тақтай қойманың есігін ашып қалғанымда, отынға дайындаған сексеуіл сияқты төбеге дейін тіреп, жиып қойған өзім ғұрпы кішкентай балалардың өлі денесін көрдім. Сол жерде құлап қалыппын. Артынан біреу-міреу ішке кіргізіп тастапты…

Жазғытұрым ауруханадан шықтым. Киімді беріп жатқан орта жастағы әйел еңіреп жылады. Мен: «Неге жылайсыз?» дедім. Сонда әлгі кісі көз жасын сүртіп: «Осында келген 50 баладан әне бір-екеуіңғана тірі кетіп барасың. Өмірің ұзақ болады екен»,— деді.

…Жаз шыққан соң балаларға ілесіп, қаланың түскей жақ шетінде «Итмола» деп аталатын тұстағы кірпіш басу үшін үңгіп қазған апанға бардым. Нән апандардың ішінде үйген тезекке ұқсатып, кішкентай балалардың басын жиып қойыпты. Бақсам, қыста өлген балаларды көме алмай, апандағы қардың астына тастай беріпті». (Өтебай Қанахин. «Бір үйден тірі қалған жалғыз жан»,abai.kz).

Ауданның орталығынан бөлек, Шеңбертал ауылының қасындағы Ақтоғай, сондай-ақ Құмтоғайдың Сарытоғай, Итқырылған деген жерлерінде де ашаршылық құрбандары жерленген. Ырғыз өзенінің жағасындағы ауылдарға қарай босқан ел амалсыздан балпақ аулаған. Ауылдарға жете алмай, жолда өлген адамдар сол маңға көмілген. Ырғыз ғана емес, Ақтөбенің басқа да өңірлерінде халықтың осындай жағдайды бастан өткергені,  ашаршылық құрбандары жерленген белгілі-белгісіз орындардың көп екені баршаға аян.

Патшалық замандағы жазалау шараларының, кеңес өкіметі тұсында жүргізілген тәркілеу, қуғын-сүргіннің салдарынан басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болған кісілерді «мал-мүлкін қорғау үшін көшті» деген түсініктікеңес билігінің өзі қалыптастырып-таратып отырды. Шын мәнінде олай болмаған. Тарихи шығармаларда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің өзінде патшаның жазалаушы отрядтары қазақ ауылдарын шауып, тонап кеткені жөнінде айтылады.Қазақтардың жан-жаққа қоныс аударуына себеп болған, міне, осындай түрлі қысымдар. Бас сауғалауға мәжбүр болған ауылдар, көшіп бара жатып мал шығынымен қоса, адам шығынына да жиі ұшырады. Олардың арасында жазалаушы отрядтардың құрбаны болғандары да аз емес. Кеңес билігі тұсында да солай болды. «Бай», «атқамінер», «молда» деп танылған адам бірден қуғынға ұшырады. Бұл қазақ қоғамының тарихи өміріндегі негізгі институттардың бірі саналған байлар мен діни адамдар тағылымын жою саясатынан туындаған еді.  Себебі, қазақ қоғамындағы тұлғалар дәстүрі жалғасса, халықтың санасы мен рухы қайта қалпына келе бермек. Зиялылары, басшыларыбарұлт қай сынаққа болса да төтеп береді, жұрттың қорқынышы тез сейіледі. Елдің бірлігі қалпына келеді. Ал кеңес өкіметі қазақтың бас көтерген адамдарын қуғындау саясаты арқылы, елдің мәдениеті мен өркениеттілігінің негізі — тарихи сана мен тарихи жадыны жойып, жат сана мен жат мінезді қалыптастыруды көздеген. Ал ұлттық сана мен тарихи жадыны түп-тамырдан өзгерту ұрпақты көптеген кедергілерге тап келтіріп, жасандылыққа ұрындыратыны анық.

Коммунистік партияның жоспарларында нәтиже бермейтін жұмыстар белгіленген болатын. 1937 жылы Мұстафа Шоқай  «Сталин социализмі — тонаушылықты қамтамасыз ететін саяси жүйе» атты мақаласында: «Кеңес Одағынан басқа ешбір елді ешқашан халық бұқарасы дәл осындай талан-таражға түскен емес. Оған мына төмендегідей дәлелдер келтіруге болады. Большевиктер үкімет басына келместен бұрын, «жалпы халық бұқарасы пайдаланатын алуан түрлі мал-мүліктен салық алу еңбекшілердің мүддесіне қарсы келеді. Мұндай салық күшін жоюы тиіс»десетін. Ал өздері үкімет басына келген соң, «социалистік мемлекеттің қаржысы негізінен мемлекет қожалықтарынан жиналады» деп мүлде басқа әуенге басты. 1919 жылы 8- партия құрылтайы бекіткен бағдарламада осылай деп атап көрсетілген…

Социализм атымен халықтың талан-таражға түсіп жатқанын біле түсу үшін ресми түрдегі салықтардан басқа алуан түрлі «мемлекеттік алымдарды» есте ұстаған жөн. Осындай алымдардың қаншама тонаушылықпен жүргізілетінін астық мәселесінен өте-мөте анық көреміз. Шаруалардан ең жоғары дегенде әр пұтын (16 кг) 1 сом 40-1 сом 50 тиыннан сатып алған астықты жұмысшы-шаруалардың өздеріне бір килограмын бір сомнан сатады. Астықты большевиктер спекуляция товарына айналдырып алған. 1937 жылғы бюджетке астықтан кіретін кіріс 24 миллиард деп көрсетілген.Кеңестер Одағында үстемдік құрып отырған социализмді тонаушы дейтін себебіміз, міне, осыдан», — деп жазды.

Халықты абыройлы, ауқатты адамдарынан және төл дүниетанымынан күштеп ажыратып, жалған ұран, қатаң тәртіппен күнкөрісті шектеудің  соңы ашаршылыққа ұласты. Бұдан біз кеңес билігінің патшалық Ресейдің отаршыл өктем саясатының заңды мұрагері болғанын көреміз.

 

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидат

 

/aqtobegazeti.kz/