Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Білім берудегі көшбасшылық

Білім берудегі көшбасшылық

Бүгінгі таңда білім берудегі үлкен өзгерістер кезеңінде менеджмент тұрғысынан университетті дамытудың ең тиімді тәсілдерін табу мәселесі өзекті болып отыр. ЖОО менеджментінің әлемдік тәжірибесіндегі заманауи тәсілдердің бірі менеджмент ұстанымын басқарудан көшбасшылыққа ауыстыру болып табылады.

«Білім берудегі көшбасшылық». Осындай атаумен бүгін Жұбанов университетінде онлайн курс басталды. Ынтымақтастық шеңберінде Назарбаев Университетінің ғалымдары үш апта бойы аймақтағы әріптестеріне озық тәжірибелерімен бөлісетін болады.

Сессияның ашылуына 60-тан астам қатысушылар – проректорлар, құрылымдық бөлімдердің басшылары, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері қатысты. Педагогтардың алдында Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің бас атқарушы директоры, деканы Аида Сағынтаева,  Назарбаев Университетінің  қосымша білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева, Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова сөз сөйледі.

Курс білім беру процесін басқарудың қолданыстағы моделін жаһандық түрлендіруге, ұйымдағы табысты өзгерістерді сәтті басқаруға, жұмыс істейтін бизнес моделін және икемді даму стратегиясын құруға бағытталған.

Бүгін тыңдаушыларға алқалы басқару құрылымы, педагогикалық ұжымның тиімді келісімшарттары, оқытушылардың оқу жүктемесінің бөлінуі, жеке жоспарлар жүйесі және олардың мониторингі таныстырылды. Сондай-ақ, Назарбаев Университетінің ғалымдары «Корпоративтік басқару: Қазақстанның жоғару оқу орындары», «Қазақстандағы білім беру саласындағы зерттеушілерінің этикалық кодексі» және тағы да басқа қажетті  әдебиеттер тізімімен бөлісті.

 

Алғашқы онлайн сессиядан кейін әріптестеріміздің  пікірлерін назарларыңызға ұсынайық:

 «Бүгін Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің ұйымдастырған семинарында  декан мен оның орынбасарларынан бастап мектептің барлық мүшелерінің,  мұғалімдерінің және мектеп басшылығының барлық қызметі көрсетілді. Әртүрлі комитеттердің болуы және жұмыс істеуі барлық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді, ал комиссия мүшелерін ротациялау – мектептің барлық мүшелерін олардың жұмысымен және функционалдық міндеттерімен таныстыруға мүмкіндік береді».

                 Людмила Мясникова, Ғылым департаментінің басшысы

 

«Жұбанов университетінде  Назарбаев Университетінің ұжымының ұйымдастыруымен білім берудегі көшбасшылық мәселелеріне арналған біліктілікті арттыру семинары өз жумысын бастаған болатын. Семинар барысында  «Үлестірілген көшбасшылық және алқалық басқару» тақырыбында дәріс оқыған Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сагинтаева жоғары  білім беру мектебінің әлемдік тәжірибеге  негізделген құрылымдық ерекшеліктері мен жұмыс мазмұнымен жан-жақты таныстыра отырып,  халықаралық дәрежедегі бұл тәжірибелер отандық денгейде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны туралы тарқатып берді.  Семинар барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, диалогтық талкылаулармен жалғасты».

                       Клара Төребаева,

Психологиялық-педагогикалық және арнайы білім беру кафедрасының меңгерушісі