Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңашылдыққа толы көрме ашылды

Жаңашылдыққа толы көрме ашылды

Бүгін Жұбанов университетінде Ресейдің жас суретшісі Ярослав Макаровтың экслибрис көрмесі ашылды. Университеттің «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасы ұйымдастырған халықаралық көрме Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл көрмеге  қылқалам шеберінің  80-ге жуық туындылары қойылды.

Салтанатты жиында Басқарма мүшесі, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Есбол Мұханбетқалиев көрменің лентасын қиып, мұндай халықаралық көрмелердің аталған білім ордасында  жалғасын табатынына сенім білдірді.

— График-суретші Ярослав Макаровтың көрмесін біздің университетте өткізудің өзіндік орны мен мәні бар, бұл көрме шығармашыл жастар үшін үлкен өнеге. Сондықтан да жастардың рухани азық алып, білім көкжиегін кеңейтуде көрменің рөлі зор деп ойлаймын. Айтулы шара көпшілік көңілінен шығып, келушілер тарапынан оң бағасын аларына және оқу ордасында осындай маңызы зор көрмелердің дәстүрлі түрде жалғасатынына сенемін, — деді.

Өз кезегінде көрменің кураторы, танымал экслибрист, өнертану профессоры, мәдениеттану ғылымының кандидаты, суретшілер одағының мүшесі Мәрзия Жақсығарина   Жұбанов университетін экслибрис бойынша 30-дан астам халықаралық көрмелерді ұйымдастырып жүрген алғашқы оқу орындарының бірі екенін алға тартты.

— Кез келген суретші  шығармашылығында өзіндік қолтаңбасы болуын қалап, көп ізденеді.   Соның арқасында кейбір суретшілер өз  еңбегін өте шебер, ерекше қылып жасап шығарады. Жас таланттарға қолдау көрсетіп, сурет өнеріне жаңаша идея және серпіліс беру — біздің басты мақсатымыз. Сондықтан да өзіндік қолтаңбасы бар жас суретші Ярослав Макаровтың элиталық өнерге жататын экслибрис және графика көрмесін тамашалауға жастар үшін мүмкіндік мол,— дейді.

Сөз соңында көрме кураторы бейнелеу өнерінде, оның ішінде экслибрис жанрында еңбек етіп жүрген көрнекті қыл қалам шеберінің шығармаларына талдау жасап, жоғары бағасын берді. Сондай-ақ көрме кураторы  университеттің өнер саласында атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде сөз қозғап, белгілі бір кәсіби деңгейге ұмтылған жастардың болашағынан үміт зор екенін тілге тиек етті.

Ярослав Макаров — график-суретші, Ресейдің экслибрис  қауымдастығының мүшесі, 90-ға жуық бүкілресейлік және халықаралық, облыстық, аймақаралық графика көрмелерінің қатысушысы. Ол 2004 жылдан бастап экслибристер жасаумен айналысады, линогравюра, пластикадағы гравюра және бірегей сурет техникасында жұмыс істейді.

Ярослав Макаровтың туындылары Беларусь, Болгария, Қытай, Литва, Польша, Италия, Греция, Түркия, Аргентина, Македония, Венгрия, Испания, Ресей және бірқатар шет елдердің жеке мұражайларында сақталған.

Айта кетейік,  ресейлік суретшінің ерекше туындыларын ақтөбеліктер мен қала қонақтары Жұбанов университетінің Студенттер сарайында  қаңтар айына дейін  тамашалай алады.