Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жастар саясаты > Пікірсайыс турнирі өтуде

Пікірсайыс турнирі өтуде

Осы демалыс күндері Жұбанов университетіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен белсенді жастар жиналды. Нұр-сұлтан, Алматы, Орал, Шымкент, Түркістан, Тараз және Ақтөбе қалаларынан келген жүзге жуық студент шешендік өнерге деген құштарлығы мен сыни ойлау қабілетін ортаға салды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Zhubanov CUP IV» республикалық пікірсайыс турнирін Жұбанов университетінің «Заман біздікі» дебат клубы мен әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті ұйымдастырды.

Пікірсайысшылардың дәстүрлі кездесуіне биыл 32 команда қатысуда, олар екі күн бойы 150, 100 және 80 мың теңгелік жүлделер мен үздік атаққа ие болу үшін бақ сынайды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік-құндылығымыз» тақырыбындағы турнирдің салтанатты ашылуында Басқарма мүшесі, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Есбол Мұханбетқалиев ректор Лаура Қарабасованың атынан пікірсайысшыларды құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сөз соңында университет проректоры зияткерлік қоғамды дамытуда пікірталастардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Айта кетейік, пандемия жағдайында да Жұбанов университетінің «Заман біздікі» клубының пікірсайысшылары ойындардан қол үзген жоқ. Сонымен қатар олар батыс өңірінде бірінші болып пікірсайыс турнирін онлайн ұйымдастырды. Жұбанов университетінің 85 жылдығы мен «Заман біздікі» зияткерлік элиталар одағының 5 жылдығына арналған турнирге 20 жоғары оқу орындарынан 80-нен астам пікірсайысшылар қатысты.

«Zhubanov CUP IV» турнирінің қорытындысы ертең белгілі болады.