Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбе облысы тоғызқұмалақ федерациясының президенті сайланды

Ақтөбе облысы тоғызқұмалақ федерациясының президенті сайланды

Ақтөбе облысы тоғызқұмалақ федерациясының басшылық құрамына өзгерістер енді. Облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысының хаттамасына сәйкес, Жұбанов университетінің Басқарма төрағасы-ректор – Ақтөбе облысы тоғызқұмалақ федерациясының президенті болып Лаура Қарабасова тағайындалды.

Демалыс күндері облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің конференциясы өткізілді. Жиында тоғызқұмалақтан Ақтөбе облысы федерациясының президентін сайлау, тоғызқұмалақтан Азия чемпионатын өткізу және де тағы басқа мәселелер қаралды.

Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық интеллектуалдық ойыны. Қазақ халқының ұлы ғұламалары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев тоғызқұмалақ ойынын ерекше мадақтаған, әсіресе Абай бұл ойынды сүйсініп ойнаған екен. Ерекше маңызға ие ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымыздың бірі болған бұл ұлттық ойынымыздың тереңге тартқан тарихы бар. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал, құмалақтарды дайындау үшін қойлардың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Ауызба-ауыз таралып келген аңыздарда тоғызқұмалақ ойыны қойшылар үшін ермек болған.

Айта кетейін жайт, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері тоғызқұмалақ жылдан-жылға дамып келеді. Бұл жерде жаңа құрылған тоғызқұмалақ федерациясының ықпалы зор болып отыр. Бүгінгі таңда Жұбанов университетінде бұқаралық спортты дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын, зияткерлік ойын, логикалық ойлауды дамытатын өнерді насихаттауда Жұбанов университетінде «Бақтыбай батыр Төлесұлы атындағы зияткерлік ойындар кабинеті» ашылған болатын. Өткен жылы аталған білім ордасы тоғызқұмалақ бойынша облыстық федерациямен бірлесіп облыстық және республикалық турнирлерді сәтті өткізіп келеді. Мұның барлығы университеттегі бұқаралық спортқа деген ерекше ықыластың жемісі.