Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Білім ордасындағы тағылымды басқосу

Білім ордасындағы тағылымды басқосу

ҚР тұңғыш Президенті күніне орай Жұбанов университетінде педагогика факультетінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы қатысып, студенттерге аталмыш мерекенің мән-маңызы жайында әңгімеледі. Елбасының көшбасшылық орны, әлемдік қауымдастықтағы беделі жөнінде пікірлерімен бөлісті. Басқосуды педагогика факультетінің деканы Жанна Жусупова кіріспе сөзбен ашып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Басқарма мүшесі, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Есбол Муханбеткалиев Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастық мойындаған, жедел дамудың даңғыл жолына түскен елдердің қатарына енгендігін атап өтті. Сондай-ақ, қазіргі жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп, таңдау жасауға мүмкіндіктер мол екендігін тілге тиек етті.

Шарада  «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының меңгерушісі Үмбетқан Сәрсембин, жастар ісі комитетінің төрағасы Зульфия Набиулина, оқытушы, магистр Райбек Сағадатов баяндама жасады.

Баяндамашылар Елбасының мемлекетімізді және парламентаризмді қалыптастыру жолындағы теңдессіз рөліне тоқталды. Олар қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі даму барысына тоқталып, Елбасы тарихы, ел тарихымен тығыз байланыстылығы жайында айтты. Нұрсұлтан Назарбаев феномені, ел үшін еткен ерен еңбегі, өнегелі өмір жолы жайлы ойларын ортаға салды.

Саяси шарадан кейін жиналғандар атриум кино залында «Анаға апарар жол» көркем фильмін тамашалады.