Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Партия қатарына жастар қабылданды

Партия қатарына жастар қабылданды

Тұңғыш Президент  күні қарсаңында  Nur Otan партиясы қатарына жаңа мүшелер — жастар қабылданды. Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов саяси ұйымның жаңа мүшелеріне куәлік тапсыра отырып, партия алдындағы маңызды мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда жұмыла жұмыс істеу керектігін айтты.

— Сіздерді  1 желтоқсан — тұңғыш Президент күнімен және тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев — Қазақстан халқының бірлігін, Конституцияны, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен қазіргі заманауи Қазақстанның негізін қалаушы. Елбасының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың ілгерілеу мен өркендеу жолына түсті.

Ал тәуелсіздік — баға жетпес байлығымыз. 30 жыл ішінде Қазақстан тәуелсіз, табысты, әлемдік қауымдастық мойындаған мемлекет ретінде қалыптасты.

Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше өткен партияның Саяси кеңесінде кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық —  тәуелсіздік екенін атап көрсетті. Әсіресе, тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау —  әрбір қазақстандықтың міндеті екенін шегеледі.

Осы қос мереке қарсаңында партияның барлық филиалдарында салтанатты түрде партия қатарына қабылдаулар жүріп жатыр. Партияға өткен әрбір азамат мерекені сезінуі арқылы бұл күнді мәңгі есінде сақтап қалады.  Қазіргі күні өңірімізде Nur Otan партиясының 31 мыңнан астам мүшесі бар. Айтулы мерекеде ортамызға тағы да 80-нен астам адам қосылғалы отыр. Партияға өту — адамның азаматтық ұстанымын көрсететін, салмақты әрі ақылмен таразыланған шешімнің нәтижесі. Сондықтан сіздерді еліміздің ертеңіне бейжай қарамайтын, нағыз патриотазаматтар деп ойлаймын, — деді Е.Данағұлов.

Бұл күні партия қатарына әртүрлі салада еңбек етіп жатқан бірнеше жас қабылданды. Қарғалы ауданы балалар өнер мектебінің мұғалімі Сәния Әбдірахманова мен Ембі қалалық әкімі аппаратының бас маманы Жұлдыз Көптілеуова — Тәуелсіздік құрдастары екен.  «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ қауіпсіздік департаментінің маманы Данияр Рамазанов, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университет оқытушысы Райбек Сағадатовтар партияның ресурстары арқылы өздерінің азаматтық ұстанымдарын қоғам игілігі жолында жүзеге асыруға мүмкіндік алып отырғандарын айтты. Партияның ең жас мүшесі ретінде тіркелген С.Сейфуллин атындағы агротехнологиялық университет студенті Азамат Өмірбеков жақында ғана 18-ге толған екен:

— Мен Ақтөбедегі №30 мектепте оқып жүргенде де өте белсенді болдым. Енді аға-апаларыммен бірге қоғамдық мәселелерге араласып, еліміз үшін маңызды істергеөз үлесімді қосқым келеді, — деді.

Е.Данағұлов жастарға сәттілік тілеп, Елбасының Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жас ұрпаққа жолдаған үндеуі — «Елдіктің жеті тұғырында» айтылған мәселелерге тоқталып, тәуелсіздігімізді баянды ету жолындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.

 

М.РАХАТҚЫЗЫ

 

/aqtobegazeti.kz/