Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > 6,3 мыңнан астам іс зерттелді

6,3 мыңнан астам іс зерттелді

Тарихшылардың айтуынша, кеңестік замандағы қуғын-сүргіндер Азамат соғысынан (1917-1922) кейін іле-шала басталып, 50-жылдардың ортасына дейін жалғасты. Осынша уақытқа созылған қуғын-сүргіннің құрбандарын толық ақтау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар да бірер жылдың айналасында біте қоймайды.

Бұл туралы бейсенбі күні облыс әкімдігінде өткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында да айтылды. Комиссия құрамында ғалымдар, қоғам қайраткерлері, архив пен музей қызметкерлері, сарапшылар, барлығы 40 шақты адам бар.

— Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатымен жүргізіліп жатқан жұмыстар алдағы жылдарда да жалғасады. Биылғы зерттеулердің қорытындысында «Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы» атты кітап жарыққа шықты. Бұл — көптомды еңбектің бірінші томы ғана, жоспарымыз бойынша алда тағы да бірнеше кітап шығады. Жазықсыз құрбандарды ақтау, зерттеу ісі біздің елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қолға алынған. Дегенмен енді нақты бағыттар айқындалып, істі жүйелі түрде жүргізу көзделіп отыр. Осыған байланысты келесі жылдың жоспарына қатысты ұсыныстарыңызды естігіміз келеді, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин комиссия мүшелеріне арнап сөйлеген сөзінде.

Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева биыл жасалған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, архивтен, бұрынғы зерттеушілер еңбектерінен, қариялардың естеліктерінен алынған деректер қорытылып, сондай-ақ жергілікті халықтың нұсқауымен облыс аумағындағы қуғын-сүргін құрбандары жерленген орындар да анықталып жатыр. Бұл үшін аудандарға экспедициялар ұйымдастырылған. Мысалы, ашаршылық құрбандары жерленген 15 орын анықталып отыр.

Облыстық мемлекеттік архив пен облыстық ішкі істер департаменті архивіндегі (мұнда, негізінен, құпия істер сақталған) қуғын-сүргіндер жүргізілген кезеңнен қалған істер жыл бойы қаралып, зерттелді. Бүгінге дейін 6 333 іс қаралыпты. Оның ішінде 617 іс бойынша айыпталушылардың ақтауға жатпайтыны анықталған. Бұл — түрлі қылмыстар жасаған адамдарға қатысты істер. Биылғы жұмыстың қорытындысы бойынша қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға 1875 адамды ақтау туралы ұсыныстар жіберілген.

Белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы қуғын-сүргін құрбандарына қатысты істерді зерттеп, жарыққа шығаруда ерекше есте ұстау керек жайтты атап өтті. Бұл — ұлтаралық, руаралық және азаматтар арасындағы жанжалдарға, араздыққа жол бермеу.

— Мысалы, айыпталушы — қазақ, ал айыптаушылар, яғни тергеушілер басқа ұлттардың өкілдері болуы мүмкін. Тіпті тергеушілер Мәскеуден шақырылған істер де кездеседі. Бірақ бұл қуғын-сүргін біздің ұлтқа ғана бағытталды, тек қазақ қана жапа шекті дегенді білдірмейді. Қуғын-сүргіннен Кеңес одағын мекендеген барлық ұлттар, соның ішінде орыстар да көп жапа шекті. Жалпы, бұл жерде ешқандай ұлтаралық, руаралық немесе жекелеген адамдардың арасындағы араздық не бір ұлттың кемшілігі (мысалы, сатқындығы) жоқ, бәрі де сол кездегі жүйенің озбырлығынан болған қасірет екенін халыққа нақты дәлелдеп жеткізу керек, — деді Амангелді Айталы.

Ал ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек жазықсыз құрбандарды ақтап қана қоймай, ақталғаннан кейін олардың арасындағы көрнекті тұлғаларды насихаттау, есте сақтау ісіне де көңіл бөлінуі керектігін баса айтты.

Мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай 1916 жылғы көтеріліс, оған қатысушылар, ұрыс болған және көтеріліске қатысушылар жерленген орындар жөнінде әлі де тың деректер табылып жатқанын, сондықтан тереңдеп зерттей түсу керектігін алға тартты.

Сондай-ақ комиссия мүшелері тарапынан шетелдерге барып та зерттеулер жүргізу керек деген ұсыныс айтылды. Мысалы, алмағайып заманда Ауғанстанды паналаған қазақтардың ұрпағы, бүгінде Данияда тұрып жатқан Қажы Акбар Аюби атажұрттан өз туыстарын іздестіргенде, осы Ақтөбе өңірінен тауыпты.

Бекарыстан Мырзабай ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Түркияда тұрған скрипкашы Әлім Алматты ақтау мәселесін көтеру, белгілі ресейлік саясатшы Аман Төлеевтің әкесі — Молдағазы Төлеевтің ақталып-ақталмағанын анықтау керектігін айтты.

Облыс әкімі шетелдерде зерттеу жүргізу деректерін толықтыра түсу үшін маңызды екенін, дегенмен, ең алдымен, сол елдердегі архивтерде жұмыс істеуге рұқсат алу керектігін айтты.

— Әр елдің өз саяси мүддесі бар. Сол жағын ескеру керек. Бізге керек архив материалдарын зерттеуге рұқсат беріле ме, жоқ па, соны анықтап алу керек, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Жиын соңында облыс әкімі зерттеу жұмысына белсенді араласқан ғалымдарға, зерттеушілерге Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады және олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

 

Индира ӨТЕМІС

 

/aqtobegazeti.kz/