Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Еріктілер марапатталды

Еріктілер марапатталды

Халықаралық волонтерлер күніне орай Ақтөбеде «Еңбегі еленген еріктілер» деген атпен облыстық волонтерлер кеңесінің форумы өтті.

Жалпы, облыста 160-тан астам волонтерлік топ бар. Олар 5 мың шамасындағы ерікті жанның басын біріктіріп отыр. Волонтерлік топтар облыс орталығы ғана емес, аудандарда, соның ішінде ауылдарда да бар. Олардың қызметі сан түрлі салаға бағытталған: көше мен ауылдың, жалпы, қоршаған ортаның тазалығы; экологиялық мәселелерді шешуге атсалысу; жалғызбасты қарияларға, жағдайы қиын отбасыларға көмек; төтенше жағдайларда зардап шеккен жандарға көмек ұйымдастыру; т.б. Халықаралық волонтерлер күніне орай өткізілген форумға ең белсенді топтардың жетекшілері мен белсенді еріктілер шақырылды.

Жиында облыстық ішкі саясат департаментінің басшысы Ләззат Оразбаева құттықтау сөз сөйледі:

— Мен еріктілердің көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беру, жылағанды жұбату үшін күн-түн демей, жаңбырға, боранға қарамай, аянбай еңбек еткеніне сан мәрте куә болдым. Еріктілер мен үшін үлкен жүректі жандар, олардың жүрегі жақсылық пен сүйіспеншілік деп қана соғады. Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы жылдардағы жетістіктерімізге, халқымыздың бірлігін нығайтуға сіздердің қосқан үлестеріңіз зор, — дей келіп, ол сөзін игі тілектермен жалғады.

Жиналғандарға облыстағы волонтерлік топтардың атқарып жүрген қызметінен бейнеролик көрсетілді. Мысалы, Әйтеке би ауданындағы еріктілер биылдың өзінде  ғана 128 игі іске ұйытқы болыпты.

Сондай-ақ еріктілердің «Біргеміз» өңірлік фронт-кеңсесінің жетекшісі Нарқозы Қартжан, «Ақтөбе, дыши» қозғалысының жетекшісі Евгений Лазарчук, «Volonter.2020_aqtobe» ұйымының жетекшісі Нұрбол Жалғасбаевтар да құттықтау сөз сөйлеп, алдағы жоспарлары мен өз ұсыныстарын жеткізді.

Нарқозы Қартжан еріктілердің жан-жақты қызметіне қоғам тарапынан да қолдау көрсетілетінін айтты. Бүгінге дейін 21 серіктеспен меморандум жасалған. Әсіресе оқу орындары тарапынан қолдау зор. Мысалы, аз қамтылған отбасылар балаларына тегін ағылшын тілі сабақтарын өткізу, тарихи орындарға танымдық экскурсиялар ұйымдастыру, сенбіліктер өткізу секілді істерге студент жастар белсене араласып келеді. Ал Нұрбол Жалғасбаев алдағы уақытта қайырымдылық концерттер мен жәрмеңкелер өткізу, басқа өңірлердегі еріктілермен бірлескен форумдар ұйымдастыру секілді ұсыныстарын да бөлісе кетті.

Жиында облыстық ішкі саясат департаменті мен облыстық волонтерлер кеңесі арасында волонтерлік қызметті одан әрі дамыту жөнінде екіжақты меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар еріктілер қызметіне кең түрде қолдау көрсетіп отырған ұжымдар мен еріктілердің белсенді топтарына марапаттар табысталды. Марапатталғандар арасында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Бәйішев университеті, М. Мәметова атындағы Ақтөбе медициналық колледжі секілді оқу орындары, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, т.б. ұжымдар және «Жүректен — жүрекке», «Volonter.2020_aqtobe», «Ақтөбе, дыши» , «Антиковид 19», басқа да волонтерлік топтар бар.

 

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

 

/aqtobegazeti.kz/