Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әлем чемпионы жастармен кездесті

Әлем чемпионы жастармен кездесті

Бүгін Студенттер сарайында Жұбанов жастары ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаровпен кездесті. Еркін форматтағы «Жақсы мен жаман» тақырыбындағы жүздесуге 400-ге жуық студент қатысты.

Жиналған жастар мен студенттер қауымы алдында сөз сөйлеген Ардақ Назаров ата-бабаларымыздың даналығы мен данышпандығы, батырлығы мен қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, имандылық пен инабаттылық, адамзат құндылықтары және тағы басқа өзекті мәселелер төңірегінде тартымды әңгіменің тиегін ағытты. Қазіргі жастардың келбеті мен болмысы, өресі мен парасаты және өскелең ұрпақ кімдерге қарап бой түзеу қажеттігі жайында ойға қонымды пікірлер айтылды.

Әлем мойындаған чемпион осы спорт түріне қалай келді, қандай қиындықтардан өтті, жастар тәрбиесі, ер жігіттерге қандай қасиеттер тән болу керектігін айта отырып жастарды өз елінің патриоты болуға шақырды.
Ардақ Назаров бүгінде ел таныған, әлем мойындаған спортшы. 41 жастағы танымал спортшы шаршы алаңда жүзден астам кездесу өткізіп, оның басым көпшілігінде қарсыласын тізе бүктірген.

Залға лық толған жастарға барлық жетістік маңдай терсіз келмейтінін айтқан чемпион балалық шағына саяхат жасады.

— Өмірімнің өзгеруіне үш әңгіме, үш оқиға себеп болды. 5 әлде 6-сынып оқып жүргенімде ауылдағы Ерлік аға келді. Күрес мектебінде бізге жаттығу үйретіп, бізбен күресіп, шеберлік сабақтарын өткізді. Шымыр денесін көргенде, шыны керек таңғалдық. Санаға «Менде Ерлік аға сияқты спортшы болсам ғой» деген ой келді. Сол кезде Ерлік ағамыз алдымызда тұрып қолындағы күшін көрсетіп, «Жігіттер, тура мен сияқты бола аласыңдар ма?», «Мен сияқты бола алатындарыңа көздерің жете ме?, — деді. Міне, содан бері Ерлік ағаны өзіме үлгі еттім. Ол – жігіттердің төресі еді, айналасына ізгілік нұрын сыйлап, қақтығысқан екі жанды татуластырып жүретін мейірімді жан болатын. Ол — спортты тастамауыма, ішімдік ішіп, темекі тарпауыма себепші болды, — деп балалық шағындағы ойлы оқиғасымен бөлісіп…

Кездесуде ибалы да, инабатты қазақтың қызы ұлттық болмысқа сай болу үшін жігіттердің оларға қорған болмағы айтылды. Ата-ананы сыйлау және бүгінгі ұл ертеңгі әке, бүгінгі бүлдіршін қыз ертеңгі ана болатынын осы бастан ойлау керектігін тілге тиек етті. Тұғыры биік, іргесі мықты мемлекеттің болашағы бүгінгі жастардың қолында екені сәтті мысалдармен келтірілді. Қартаймай тұрып, жастық шақтың, ауырмай тұрып, денсаулықтың қадірін білу үшін бүгіннен жақсы оқып, білімін жетілдіріп, еліне, жеріне пайда тигізуді ойлауды студенттерге әдемі жеткізген Ардақ Назаров, осы айтылғанның бәрінің болуы үшін иман қажеттілігін баса айтты.

Ер-жігіт – елдің тұтқасы, оның ар-намысы – тұтас бір ұлттың қорғаны, қамқоршысы. Ер қашанда қарсы шығар қиындықтан жол таба білуі тиіс. Сол себепті ер-жігітте рухы биік болуы шарт.
Сонымен қатар ата-ананы сыйлау, құрметтеп және қуанту – әрбір баланың басты міндеті. Батырлық біреуді жығып, марапатқа ие болу емес. Батырлық – ата-анаңа, отбасыңа, еліңе деген құрметің, қамқорлығың. Барлық адам батыр бола алады. Ол үшін алып тасты көтерудің қажеті жоқ, бар болғаны жүрек түкпіріндегі мейірімділік пен имандылықты ояту жеткілікті, — деп сөзін түйіндеді А.Назаров.

Танымал спортшы кездесуде бір жарым сағат тоқтаусыз сөйлеп, сүбелі ойын жастарға жеткізе білді. Кездесу соңында Ардақ Назаров бүгінгі жастар арасында да ел намысын қорғайтын азаматтар шығатынына сенім білдірді.