Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Халықаралық форум сыбайлас жемқорлықпен күреске арналды

Халықаралық форум сыбайлас жемқорлықпен күреске арналды

Мемлекеттің экономикалық және саяси тұрақтылығына қатер төндіретін сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығы өте жоғары.
Бәсекелестікке қабілетті ұлт қалыптастыру үшін жемқорлықпен бүкіл халық болып күресу керек. Бұл орайда сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін өткізілетін іс-шаралар, конференциялар мен форумдардың да алар орны ерекше.

Бүгін 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне байланысты Жұбанов университетінде «Әділдік.Парасаттылық.Сенім 2.0» халықаралық форумы өтті.

Жиынға Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Нұрлан Шабдар, облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Жұбанов университетінің Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова, сондай-ақ,  танымал спортшы, Әлем кубогының иегері Ардақ Назаров және Қазақстанның 2020 жылғы үздік мұғалімі Мират Оспанов және Польша, Түркия, Италиядан арнайы келген қонақтар, университеттің профессор-оқытушылары мен студенттер қатысты.

Ректор Лаура Қарабасова: «Академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – Жұбанов университеті қызметінің басым бағыттарының бірі. Академиялық адалдық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнделікті жүріп отыратын процесс. Академиялық салада ғана емес, ғылым саласында да академиялық адалдық принциптерінің орындалуын жіті қадағалаймыз. Ең бастысы, академиялық адалдық Жұбанов университетінің қауымдастығының әрбір студентінің, әрбір оқытушысының ортақ құндылығына айналатын болса ғана, академиялық адалдықтың бұзылуының алдын ала аламыз», — деді. Университет басшысы оқу орнында сыбайлас жемқорлықпен күресті жүзеге асырудың басым бағыттарын атап өтті.

Форумның ашылуында шетелдік қонақтар Польшаның Быдгощ экономикалық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» институтының профессоры Татьяна Скалий, Италияның Генуя университетінің ғылыми зерттеулер және әлеуметтік коммуникация әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Диана Спулбер және Түркия университетінің оқытушысы Жихангир Қызылөзен баяндама жасап, өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісті.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Асхат Жақыпбеков елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, оның халықаралық аренадағы басымдықтары мен ұстанымдары туралы сөйледі.  Аталған тақырып жайында танымал спортшы Ардақ Назаров пен Жұбанов университеті түлегі,»Қазақстанның үздік мұғалімі» номинациясының иегері Мират Оспанов ойларын ортаға салды.

Форум соңында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.