Суббота, Октябрь 1, 2022
Басты > Жаңалықтар > «Академиялық адалдықпен қатар, еріктілік біздің студенттердің қанында болуы керек…»

«Академиялық адалдықпен қатар, еріктілік біздің студенттердің қанында болуы керек…»

Бүгін Жұбанов университетінің Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова  «Жыл еріктісі – 2021» халықаралық сыйлығының жеңімпаздары және Ақтөбе облысының үздік деп танылған студенттік еріктілер қозғалысының өкілдерімен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ, талантты жастар арасындағы «Лаула» қалалық байқауының жүлдегері қатысты. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының бірінші курс студенті Тэмуджин Сәрсенов аталған байқауда нақышына келтіре өлең оқып, қазылар алқасының арнайы жүлдесінің иегері атанған болатын.

Университет басшысы ЖОО-ның студенттері мен жастар ұйымдарының басшыларына жүргізілген жұмыстары және еріктілер қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Лаура Қарабасованың айтуынша, белсенді қоғамдық, мәдени және волонтерлік қызмет студенттік өмірді жарқын етіп қана қоймай, азаматтық позицияны қалыптастырады. Сонымен қатар, ректор жастар ұйымдарының бірлігі мен жағымды энергиясы  кез келген істе табысқа жетелейтінін атап өтті.

Кездесуде әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Сатыбалдина студенттік волонтерлік бағыттарының әртүрлілігіне тоқталды. Ол еріктілер тек қаражат жинау және қайырымдылықпен ғана емес, басқа да көптеген білім беру, экология, IT секілді салаларда жұмыстар атқаратынын айтты.

Жұбанов университетінің докторанты Нарқозы Қартжан «Вirgemiz» өңірлік волонтерлік фронт-офистерінің қорытынды конференциясы бойынша Нұр-Сұлтан қаласына жасаған сапары туралы өз әсерімен бөлісті.