Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Белгілі қайраткермен кездесті

Белгілі қайраткермен кездесті

Мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев Жұбанов университетінің білім алушыларымен кездесті.  Басқосуға қоғам қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Серік Шаңғұтов және университет басшылары қатысты.

Еркін форматтағы кездесу барысында алдымен Басқарма мүшесі, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Есбол Мұханбетқалиев  қайраткердің қоғамдағы ерекше орнына тоқталып, университет білім алушылары елдің мақтанышына айналған айтулы тұлғалардан үлгі алу керектігін атап өтті.

Айта кетейік,  ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Педагогикалық білім беру Халықаралық Академиясының, Қазақстан педагогикалық академиясының, Ресей педагогикалық академияларының академигі 1941 жылы Құрық кентінде дүниеге келген Өмірзақ Озғанбаев биыл маусым айында 80 жасқа толды.

Ол Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның тұңғыш сенаторы, Парламент Сенаты комитетінің төрағасы, ҚР Ұлттық Білім академиясының президенті, Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, төрағаның бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Түрікменстан, Қазақстан, КСРО-ның Білім беру саласының үздігі. Білім беру саласының Құрметті азаматы, АҚШ-тың Техас штатының, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, Қарақия ауданының Құрметті азаматы.

Академик, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, профессор Өмірзақ Озғанбаев ел алдындағы еңбегі үшін Отанымыздың «Барыс», «Құрмет», «Парасат», ТМД елдерінің «Содружество», Дүниежүзілік халықаралық қауымдастықтың жоғары наградаларымен марапатталды.

Бүгінгі таңда оның қаламынан туған 30-дан астам кітап оқырмандарының рухани азығы болып отыр. Ұзақ жылдар бойы білім және ағарту саласында жұмыс істеген ғалым 200-ден аса ғылыми-ағартушылық мақалалардың авторы.

Өз кезегінде  профессор Өмірзақ Озғанбайұлы еңбек жолы тарихынан сыр шертіп, әсерлі оқиғаларымен бөлісті.

—        Дүниежүзінің отыздан астам елінде болдым. Вашингтонда — Капитолийде, Кубада — Лондонда, Парижде, Тегеранда, Гаванада, Мадридте, Стамбулда, Токиода тағы да басқа  елдерде қазақ елінің атынан сөз сөйлеп, түрлі кеңес-жиындарға қатыстым. Бұл да өмірімнің ерекше сәттері деп есептеймін. Дүниежүзіндегі 3 ірі ғылыми орталықта болдым. Олар – Мәскеудің ВИЛ (В.И.Ленин), қазір Ресейдің ұлттық кітапханасы. Кандидаттығымды Мәскеуде қорғауыма байланысты сол кітапханада біраз болдым. Англияда – «Британ музейін» араладым. Ағылшындар өздері отарлаған елдердің керемет жәдігерлерін осы мұражайда жинақтаған екен. Онда биіктігі 2 қабатты үйдің биіктігіндей тас ескерткіштер тұр. Сол музейде «Британика» т.б көптеген кітап қоры жинақталған орын бар. Үшінші – АҚШ-тың орталығы Вашингтонда «Конгресс» кітапханасын көрдім. Бұл тұтас бір кварталды алып тұрған орталық. Тәуелсіздік алған соң, Алаш көсемдерінің мұраларын іздегенде олардың кейбір еңбектері осы кітапханадан табылған. Мен сол кітапханада болып, өзімнің 5 кітабымды тапсырып кеттім. Бұл да мен үшін мәртебе, — деді Ө.Озғанбаев.

Ғалым қазіргі жастарға білім жарысында мүмкіндіктер мол екендігін, мемлекет тарапынан да көптеген тиімді бағдарламалар бар екендігіне тоқталды.    Сөз соңында Өмірзақ Озғанбайұлы жастармен өткізген маңызды сұхбаты үшін алғысын айтып, басқарма төрағасы Лаура Қарабасоваға авторлық кітабын табыстады.

Кездесуде ғалымның  сағынышқа толы естеліктері мен өміршең шығармалары туралы иірімді әңгімелер айтылды.

Тағылымды кездесуге Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова қатысты. Басқарма төрағасы сөзінде абырой биігіндегі аптал азамат Өмірзақ Озғанбайұлы қай істе де терең білім, ерен ерік-жігер, мұқалмас қажыр-қайрат танытып, адал еңбегі мен терең тәжірибесі нәтижесінде толағай табысқа қол жеткізген тұлға екенін ерекше атап өтті. Сөз соңында университет басшысы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тұсында өзінің азаматтық биік тұлғасын ел алдындағы еңбегімен танытып, сексеннің сеңгіріне келген ғалыммен кездесу жастарға үлгі екенін  тілге тиек етті.