Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мерейтойға арналған конференция басталды

Мерейтойға арналған конференция басталды

Бүгін  университеттің «Құдайберген Жұбанов» конференц-залында  Ресей, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Башқұртстан, Болгария, Қырғызстан және еліміздің белгілі математик-ғалымдары «Қолданбалы математика және информатика мәселелері» атты Халықаралық ғылыми конференцияның ашылуында бас қосты. Конференция белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Сартабанов Жайшылық Алмағанбетұлының 75 жасқа толған мерейтойына арналды.

Ғылыми конференцияны университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров кіріспе сөзбен ашып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын мерейтой иесіне табыстады.

Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Дулат Джумабаев «Профессор Ж.А.Сартабановтың ғылыми-ұстаздық өмір жолы»  атты баяндамасын жасап, ғалымның тұлғалық бейнесіне, ғалымдық деңгейі мен адамгершілік қасиетіне, тоқталып, Жайшылық Алмағанбетұлының салмақтылығын, білімділігін, әркез өзіне үлгі тұтатындығын айтып өтті.

Кезек құттықтауларға берілді. Украиналық ғалым Александр Станжицкий, қырғыздық Ақылбек Керімбеков, башқұрттық Марат Рамазанов, қазақстандық математиктер Дулат Джумабаев, Рысқұл Ойнаров, Марат Тлеубергеновтер, еліміздің жоғары оқу орындары мен қаламыздағы жоғары және арнайы білім беру мекемелері өкілдері профессорды мерейлі жасымен құттықтап, иығына шапан жапты. Олар өз құттықтауларында  ғалымның математика саласына елеулі үлес қосып келе жатқанын, аға буынға мақтаныш, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екеніне баса тоқталды.

Конференцияның ашылу барысында Ж.Сартабановты құттықтаушылардың бірі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Керімбеков Қырғызстаннан әріптесінің тойына арнайы келгенін, танысқандарына аз уақыт ішінде оны ғалым, педагог және жақсы адам ретінде бағалайтынын айтты. «Қазіргі таңда ол математиканың күрделі бөлігі, дифференциалдық теңдеулерді одан әрі зерттеп, дамытып жүрген танымал ғалым. Математика ғылымының дамуына қосып келе жатқан үлесі орасан зор. Шәкірт тәрбиелеп, халықаралық, республикалық конференцияларда математиканың түйткілді мәселелерін көтеріп келеді. Жайшылық Алмағанбетұлын 75 жас мерейтойымен құттықтап,  оған зор денсаулық тілеймін!», — деді ізгі тілегін жеткізіп.

Конференцияның пленарлық және секциялық мәжілістері ертең жалғасады.