Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тоғызқұмалақтан Азия чемпионаты мәресіне жетті

Тоғызқұмалақтан Азия чемпионаты мәресіне жетті

Ақтөбе жерінде бірінші рет өткізілген Халықаралық тоғызқұмалақтан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Бүгін Жұбанов университетінде салтанатты түрде жарыстың жабылуы өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

Олардың ішінде біздің Жұбанов университетінің кәсіби-шығармашылық факультетінің оқытушысы Азамат Қайдаров та бар. Ол ерлер арасында «Классика» номинациясы бойынша алтын медальді иеленді. Сонымен қатар ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындап үздік атанды.

Салтанатты жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, Ақтөбе облысы бойынша тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Сабыржан Мұхтаров қатысып, спортшыларға жылы лебіздерін жеткізді.

«Чемпионатта 12 мемлекеттің 200-ден астам ойыншысы күш сынасып, ең үздіктер анықталды. Тоғызқұмалақ жарыстарында жеңімпаздар бар, бірақ жеңілетін ешкім жоқ. Себебі ұтатын біздің ұлттық мұрамыз, ұлттық мәдениетіміз, ұрпақтар сабақтастығы. Ғасырлар бойы тоғызқұмалақ жастардың бойында зерделілікті, ыждағатылықты, жүйелі ойлауды тәрбиелейтін құрал болып келді»,- деді Әлихан Байменов сөзінде. Ол тоғызқұмалақ ойынын әлемдік өркениетке қосқан жарқын көрініс деп бағалап, спортшыларға өркениетке қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Жеңімпаздарды атап өтсек, «Классика» номинациясы бойынша әйелдер арасында алтын медальге қазақстандық спортшы Құндыз Есіркеп ие болды. Күміс медальді Диана Кенина иеленсе, қола медаль қырғызстандық Гүлзат Есеналиеваға бұйырды.

Аталған номинация бойынша ерлер арасында алтын медальді Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғаған Жұбанов университетінің оқытушысы Азамат Қайдаров алды. Күміс медальді Бексұлтан Бостандықов, қола медальді Моңғолия спортшысы Ардабулан Шындаулет иеленді.

«Рапид» номинациясы бойынша әйелдер арасында алтын медаль иегері Диана Кенина, күміс медаль иегері Мөлдір Серікқызы, қола медаль иегерлері Анастасия Карапыш пен Гулнара Базаралиевалар атанды. Аталмыш номинация бойынша ерлер арасында алтын медальге Нұрбек Қабиев, күміс медальге Асылхан Қожанәсіп, қола медальге Аманбек Өндірбаев және  Ринат Керейбаев қол жеткізді.

«Блиц» номинациясы бойынша әйелдер арасында алтын медаль иегері Аңсаған Қожанәсіп, күміс медаль иегері қырғызстандық Айзада Бақтыбаева, қола медаль иегері Ұлдана Маханбетамин, қырғызстандық Гүлзат Есеналиева атанды. Ерлер арасында алтын медаль Жарасхан Сағынбаев, күміс медаль Жанат Каймульдин, қола медаль қырғыстандық спортшылар Анарбек Джамакеев пен Мұратали Исмоилов қанжығасына байланды.

«Ең үздік шетелдік ойыншы» номианциясы ерлер арасында Түркіменстандық спортшы Розыгулы Маликулыевке табысталды. Ал әйелдер арасында «Ең үздік шетелдік ойыншы» деп өзбекстандық Бағила Нұржанова танылды.