Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Зерттеу ауқымын кеңейту маңызды

Зерттеу ауқымын кеңейту маңызды

Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен саяси қу­­ғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік ко­мис­сияның отырысы өтті. Жыл басынан бері Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғалым­дары мен магистранттары, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық мұрағаттың қызметкерлері, өлкетанушылардан құрал­ған тоғыз жұмыс тобы 1928 жылдан басталған 6 333 істі зерт­теп, ақталуға жататын 500-ден астам адамның тізімін респуб­ликалық комиссияға ұсынды.

Биылғы жылдың жұмыс қо­ры­­тындысы бойынша қуғын-сүргін құрбандары көмілген орын­дар картасы жобасы жасалып, «Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қу­ғын-сүргін зобалаңы» деп аталатын көптомдықтың бірінші томы жарыққа шықты.

Жаз кезінде комиссия мүшелері 1928-1938 жылдар аралығындағы қылмыстық істер бойынша облыс­тық мұрағат пен облыстық полиция департаментіндегі «аса құпиялы» белгісі бар құжаттар бойынша Ырғыз, Байғанин, Темір, Ойыл аудандарында қақтығыс ошақтары болған орындарды аралап, ел ішінен құнды деректер жинады.

Ақтөбе облыстық ІІД архивін­дегі осы кезге дейін ашылмаған «аса құпиялы» белгісімен сақ­тал­ған құжаттарда аса ауыр қыл­мыстық жазаға тартылған жандар көбінесе Кеңес өкіметінің саясатына қарсы болғандықтары үшін РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58, 59, 73, 79,109-баптарымен айып­тал­ған екен. 1928 жылдан бас­тап «саяси сенімсіздіктері» үшін Ақтөбе округінен бақылауға алын­­­ған 1 051 адамның 216-сы контр­революциялық топ құрды деген айыппен (58-бап) қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бесеуі ату жазасына кесілген. Олар Кеңес өкіметінің күштеп тартып алу сая­сатына, дәлірек айтқанда астық, ет тапсыруға, ұжымдастыруға, колхоз құрылысына қарсы шық­қандар. Сол жылдары Ақтөбе округінен мемлекеттік тәртіпке қарсы тұрды деген айыппен (59-бап) сотқа тартылған 23 адам­ның біреуі атылған. Мемлекет­тік уәкілдерге қарсылық көрсет­кен 10 адам 73-баппен айыпталып, бір жылдан кем емес мерзімге бас бостандықтарынан айрылған. Мемлекеттік мүлікке зиян келтіргені үшін (79-бап) 8 адам, тауар бағасын көтергені және жасырғаны үшін 67 адам айыпталған. Мемлекеттік қызмет­те қылмыс жасағаны үшін 109-бап­пен 43 адам ұзақ мерзімге сотталған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универ­ситетінің доценті, тарихшы Дәулет Әбенов қиын-қыстау жылдары түрмеге айдалып, жер аударылып кеткен адамдардың әрі қарайғы деректерін көршілес облыстардан іздестіру керек дейді. Өйткені мұрағатта айыптал­ған адамға қатысты дерек түгел емес. Мәселен, қылмыстық іс бойын­ша қозғалған әрбір істе соттың бір немесе бірнеше адамға тағайындаған жазасы жазылады да, осы кісілердің қай жаққа жер аударылуға не түрмеге жіберілгені туралы дерегі жазылмайды. Осылайша, адамның әрі қарайғы тағдыры белгісіз күйінде қалады. Ол кісі жазасын өтегеннен кейін ауылы­на қайтып оралды ма немесе жер аударылған жағында тұрақтап қалды ма, әлде түрмеде қайтыс болды ма? Бұл жағынан мұрағатта дерек жоқ деп айтуға болады.

Сол жылдары Ақтөбе округінің әкімшілік аумағы бірнеше рет өзгерді. Қостанай, Қызылорда об­лыс­­тарының бірнеше ауданы кіріп, бірер жылдан соң осы аудандар қайта бөлініп шықты. Ақтөбе облысының Ақбұлақ ауданы 1939 жылы Орынбор облысына қаратылды. Жазықсыз қудаланған азаматтардың дерегін республикалық комиссияға ұсын­ғанда, осы жағдайлар ескеріліп, сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу арқылы ортақ деректер базасы түзілмекші. Сондай-ақ аштық жылдары босып кеткен адамдардың өлген жерлерін, олардың көміл­ген жерлерін анықтау да өте маңызды болып тұр. Комиссия мүшесі, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабайұлы 1921, 1932-1933 жылдары аштан өлген адамдар көмілген жерлерді ауылдардағы ескі мешіт орындары жанынан және бұрынғы жетімдер үйінің қасынан іздеу керек деген ұсыныс айтты. Өйткені 1921, 1932-33-тің аштығында босқан ел көбінесе темір жол бекеттері мен мешіттердің маңайына жиналған.

Облыс әкімі комиссия мүше­ле­рінің биыл атқарған жұмыстарына алғысын білдіріп, алдағы жылы зерттеу ауқымын кеңейтуге тапсырма берді. Ресей Федерациясы Астрахань, Орынбор облыстық мұрағаттарындағы 1928-1934 жыл­дар аралығындағы жазба деректерді зерттеуге, алыс шетелдердегі мұра­ғат­тармен жұмыс істеуге шақырды. Бү­гін­де ғалымдардың сапарын қаржыландыру, шетел мұрағат­тарынан мәліметтер жинау қыруар қаржыға келіп тіреледі. Қазіргі кезде шетел мұрағаттарындағы құжаттардың көшірмесін жасау да қымбаттап кетті. Көп жағдайда осы мемлекеттік ауқымды шараға дипломаттардың да араласқаны жөн сияқты. Өңір басшысы жиын қорытындысында осы ұсыныстар бойынша кешенді жұмыс жоспарын әзірлеуге тапсырма берді.

 Баян Қуандыққызы

Ақтөбе облысы

/egemen.kz/