Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Нұрлан Нығматулин Ақтөбеде өңір дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады

Нұрлан Нығматулин Ақтөбеде өңір дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады

Нұрлан Нығматулин Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ақтөбе облысының тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақтөбе облысының тұрғындарын ел егемендігінің мерейтойлық мерекесімен құттықтады.

Онда Мәжіліс спикері Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін, ел тарихындағы маңызды кезең екенін атап өтті. Бүгін Ақтөбеде ел мен өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан аймақ тұрғындарына мемлекеттік наградаларды тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті. Қазақстан Президентінің тапсырмасымен Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин ақтөбеліктерге мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Палата төрағасы Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе ел экономикасына ықпал еткен ірі жобаларды қолға алған, алдыңғы қатарлы өнеркәсіптік аймаққа айналғанын, облыстан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолдары бүгінде ел экономикасына ерекше серпін бергенін атап өтті.

«Ақтөбе облысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен, 30 жылдың ішінде тек аймақтың ғана емес, жалпы еліміздің дамуына зор үлес қосқан негізгі индустриялдық өлкеге айналды. Бүгінгі күні Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде, соның ішінде, осы Ақтөбеде жаңа әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Осы Тәуелсіздіктің арқасында келген табыстарымыз алдағы уақытта да елімізді, облыстарды жаңа биіктерге жеткізетіні сөзсіз», деді Нұрлан Нығматулин.

Сонымен қатар, Мәжіліс спикері Ақтөбе облысында Тәуелсіздік жылдары жалпы ондаған маңызды жобалар жүзеге асырылғанын айтып, «жасыл» технологиялар белсенді жүргізіліп жатқанын, жыл сайын аграрлық салада 1000-ға жуық жаңа шаруашылық ашылатынын атап өтті.

Ел мен облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ақтөбеліктер жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды.

II дәрежелі «Барыс» орденімен белгілі қазақстандық ғалым-философ, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Айталы марапатталды. «Парасат» орденімен-Облыстың Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Қойлыбаев марапатталды. Еңбек ардагері Бекарыстан Мырзабай, оқытушы Халел Құсайынов «Құрмет» орденінің иегері атанды, ал III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен – теміржолшы Қантөре Ауаш, ұста Байғали Матағұлов, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының краншысы Галина Утешова марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандардың қатарында дәрігерлер Қуанышқұл Дүйсембекова, Нұрлан Қауқақов және Амет Нәбиев, журналистер Елена Акчурина мен Баянды Сәрсембина, облыстық филармонияның бас дирижері Мәдина Қабижанова-Бисенғалиева бар.

«Шапағат» медалімен медбикелер Гүлбада Биманова мен Ольга Кефер марапатталды. Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасымен» марапатталғандардың ішінде мұғалімдер Бақтығұл Қойшығұлова мен Жанна Хабибуллина, сондай-ақ Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хоры бар.

 

/egemen.kz/