Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Лайықты марапат

Лайықты марапат

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жұбанов университетінің түлегі Гүлзат Ізбасарқызы Көбенова Қазақстан Респбуликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі мемлекеттік наградасымен марапатталды.
Гүлзат Ізбасарқызы білімді ғана емес, өз ісінің кәсіби білгірі. Сондықтан да осы уақыт аралығындағы еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Мерейлі мемлекеттік марапат өз иесін тауып отыр.
Айта кетейік, Гүлзат Көбенова Жұбанов университетінің түлегі, Директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы.
Ол Жұбанов университетінде тарихшы, тарих және қоғамтану оқытушысы мамандығы бойынша білім алды. Еңбек жолын 1998 жылы Жұбанов университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасында оқытушы болып бастап, университет деканының орынбасары, ғылыми хатшы, ғылым және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
Білім саласында және тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында еңбек сіңіріп жатқан азамат-азаматшаларды қалай дәріптеп, мадақтаса да жарасады. Сондай құрметке лайықтының бірі – Гүлзат Көбенова. Оның «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы білім саласына берілген шынайы бағасы деп білеміз.
Құрметті Гүлзат Ізбасарқызы!
Алған марапатыңыз құтты болсын! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, қызметте мол табыстар тілейміз!