Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Еңбектері еленген күн

Еңбектері еленген күн

Тоңдырды мені, тоңдырды сені.

Желтоқсан желі – ызғарлы!…

 

Қыршын жастардың қаны төгілген сол бір желтоқсанның көңілге мұң ұялататыны рас. Жұбанов университетінің Студенттер сарайы сахнасында шырқалған «Желтоқсан желі» әні Тәуелсіздіктің қадірін одан сайын биіктете түскендей. Университет студенттерінен құралған оркестр орындауындағы «Кісен ашқан» күйі жүрекке жетіп, көңілдерді бір толқытып өтті. Мемлекеттік ту сахна төріне шығарылып, әнұран шырқалды.

Сол бір жастарымыздың қайсарлығының арқасында қол жеткізген, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Бұл күнді атап өту – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбектің бүгінгі белесін қорытындылайтын сәт.

Жұбанов университетінде елдігіміздің, егемендігіміздің нышаны болар Тәуелсіздік күні жоғары деңгейде аталды. Бүгінгі мерейі биік мерекеде бірқатар профессор-оқытушылардың елге сіңірген еңбектері бағаланды. Сонымен қатар  оқуда озат және қоғамдық жұмыстар барысында белсенділік танытып жүрген студент-жастар марапатталды.

Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова: «Тәуелсіздікке жету жолында қазақ халқының қандай да бір нәубеттерді бастан кешіргенін жақсы білеміз. Тәуелсіздікпен бірге өсіп, қалыптасқан ұрпақ ретінде мемлекетіміздің тұрақты дамуымен өркендеуінің куәсі болып келеміз. Осы жылдарда Қазақстан білімі мен ғылымы, экономикасы қарыштап дамыды. Береке мен бірліктің арқасында біздің еліміз әлем таныған іргелі мемлекетке айналды. Қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани жаңғыруында білім мен ғылым қызметкерлері – Сіздердің қосқан үлестеріңіз айрықша!»- дей келе, Тәуелсіздіктің қазақ тарихында алатын орны өзгеше екендігіне тоқталды. Сонымен қатар 30 жылдық мерекеге орай ІІ дәрежелі «Барыс» орденін иеленген қоғам қайраткері Амангелді Айталы, «Құрмет» орденіне лайық деп танылған профессор Халел Құсайынов және де «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен марапатталған университет оқытушылары Қуанышбек Шүнкеев, Константин Цхай, Рахым Бекназаров, Мира Балтымова университет мақтанышы деп атап өтті.

Университет басшысы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін техника ғылымдарының кандидаты, доцент Ахмет Мурзагалиевке,  «Білім және ғылым министрінің Алғысын» философия ғылымдарының кандидаты Үмбетқан Сәрсембинге,  «Құдайберген Жұбанов» медалін физика-математика ғылымдарының докторы Игорь Спивак-Лавров пен техника ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрғазы Саухановқа, «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің еңбек ардагері» медалін педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Нұржамал Мукееваға салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ, шарада университет ректорының Алғыс хаты табысталды.

Жиын кезінде Тәуелсіздік алған жылмен тұспа-тұс келген маңызды шаралар да назардан тыс қалмады.  Сол жылы кандидаттық ғылыми дәрежесін қорғаған және оқу орнына жұмысқа қабылданған қызметкерлерге сый-сияпаттар берілді. Бұл кеште Тәуелсіздік құрдастары да құрметке бөленді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Үздік студент» төсбелгісіне белсенді жастарымыз ие болды. Олар —  халықаралық, республикалық байқаулардың, әлеуметтік жобалардың жеңімпаздары. Сонымен бірге, университетіміздегі студенттік ұйымдар да «Жыл үздігі-2021» номинациясы бойынша лайықты марапатқа ие болды.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналғандар өнерпаз жастардың биін тамашалап, әсем әндеріне қанықты. Кеште шырқаған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні жиналғандарға патриоттық көңіл күй сыйлады.