Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бірлескен жұмыс нәтижеге жетелейді

Бірлескен жұмыс нәтижеге жетелейді

Жұбанов университетінің басшылығы бизнес өкілдерімен кездесті. Бейресми кездесуге өңірдің ірі кәсіпорындары мен жас компаниялардың өкілдері қатысты.

Басқосуда техникалық мамандарды даярлау және жұмысқа орналастыру бойынша ЖОО-ның жетекші серіктесі «Қазхром» трансұлттық компаниясының өкілі таныстырып өтті. Жұбанов университеті түлегі Ержан Абдулабеков кәсіпорынның негізгі басқарушы және инженерлік-техникалық құрамы Жұбанов университетінің түлектерінен тұратынын айтты. Ол аталған компанияға жұмысқа орналасу мәселелері бойынша да, университетпен бірлесе атқарылатын зауытта жабдықталған зертханадағы ғылыми қызметке де ЖОО-мен одан әрі ынтымақтасуға мүдделі екенін атады.

Техникалық мамандарды дайындау бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығына «Ақжол Газ Сервис» ЖШС басшысы Руслан Ақжолов, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының персоналды басқару департаменті бастығының м.а. Әйгерім Өтеулина, «KEGOC» АҚ Ақтөбе филиалының басшысы Рыскелді Серікбай және басқа да бизнес өкілдері тоқталды. «АПРО» ЖШС директорының орынбасары Александр Токарь Oracle компаниясының ресми серіктесі болып табылатын жас, бірақ өзін көрсете білген IT-компанияның қызметі туралы айтып берді. Александр Токарь компанияға IT-мамандар қажет екендігін, ЖОО түлектерін жұмысқа қабылдаулар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Университетте осы және басқа да кәсіпорындармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалғанын, студенттер үшін практика базалары табысты жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Жұбанов университеті ректорының айтуынша, бүгінгі нетворкинг ашық диалог пен бірлескен жұмыстың маңыздылығын көрсетті. Лаура Қарабасова бизнес құрылымдардың, ірі кәсіпорындар мен әлеуетті жұмыс беруші компаниялардың өкілдері шақырылатын ауқымды форумды ұйымдастыру туралы жоспарларымен бөлісті. Ол өңірді дамыту және адам капиталының сапасын жақсарту сияқты ортақ мақсатты іске асыру үшін өзекті мәселелерді талқылау алаңы болатыны сөзсіз.