Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Рухани код — ұлттың ішкі жан дүниесі

Рухани код — ұлттың ішкі жан дүниесі

Ал ұлттық кодтың жөні бө­лек. Мәдениеттануда оны гено­тип немесе тұқымдық факторлар жиынтығы деп те айтады. Атаусыз ұлт жоқ сияқты, ұлттық құндылықтарсыз, өз топырағына терең тамыр жібермеген ұлт бол­майды.

Егер Франциядағы, Америкадағы қазақтың шөбересі қазақпын десе, демек, оның терең тамыры жайылған қазақпен байланыстары, қастерлейтін, бағалайтын бұлды дүниелері бар. Ұлт құндылықтарының аста­рындағы факторларды түсінуде және қабылдауға байланысты фило­­софиялық және саяси ойлар тарихына көз жіберсек, үш ағым­ның айқын көрініс алғаны назар аудартады.

Біріншісі — ұлт жасанды, уақыт­­­ша қауымдастық, өмірге келеді, кете­ді, жойылады, басқаларға сіңіседі дейтіндер. Бұл тұжырымды конс­труктивизм дейді. Әртүрлі де­таль­дардан құрастыратын балалар ойыншығы – конструктор сияқты ұлт тамырсыз, шынайы емес, санадағы, қиялдағы құрас­тырылған қауымдастық. Кон­струк­­тивизм басында тегі орыс, амери­калық әлеуметтанушы П.Сорокин (1885-1968) тұр.

Ол 1917 жылғы «Революция және социо­логия» атты еңбегінде «Ұлт» ұғымын талдауға аса зор мән береді. «Ұлт деп кейбіреулер қан, тек, нәсіл бірлігін айтады. Шындығында таза неміс, ағылшын қаны деген қан жоқ. Қан тазалығы жылқы зауыт­тарында кездеседі, «таза қан» ай­ғыр­ларда ғана бар. Ал адамдарды қан біріктіреді деу қате…», —  дейді ол. «Иванов пен Петров» бір ұлт­тан, оларды жақындататын қандары­ның хи­миялық құрамы емес».

Бұл да соның уәжі. Кейбіреулер ұлттан ұлтты айыратын тіл дейді. Бір тілде сөйлейтіндер бір ұлтқа жатады делінеді. П.Сорокин оны да теріске шығарады: «Егер тіл ұлттың шешуші белгісі болса, венгр мен неміс тілін бірдей білетін­дерді кім дейміз? Ағылшындар мен америкалықтар да негізінен ағылшын тілінде сөйлейді, бірақ әртүрлі ұлттар», — дейді ол. Дін де ұлттың белгісі бола алмайды, себебі бір дінді көп ұлттар ұстанады. Ортақ экономикалық мүдде де ұлттың белгісі бола алмайды. Экономика саласында әртүрлі ұлттар өкілі еңбек ете береді.

«Мәдениет те ұлттың бел­гісі бола алмайды. Егер тіл, дін, экономика әртүрлі ұлтқа ортақ болса, онда мәдениеттен не қалды?», — деп абыржиды ол. «Кей­де ұлттық психология, мінез-құ­лық ортақ деген пікір айтылады. Шындығында адамдардың мінезі ұлтына қарай емес, кәсібіне қарай қалыптасады…» деген автор.

Сонымен ешқандай ұлт туралы теория оны қанағаттандырмайды. Осылай ұлт әртүрлі элементтерге бөлініп ғайып болды. «Нация исчезла», — деп түйген ойын автор. П.Сорокин тіл, мәдениет, жер, су, атамекен, бас иетін қасиетті тарихи орындардың, жалпы ұлт табиғатының тереңдігін кейін мойындады. Оның қартайғанда бар арманы — тарихи отаны Ресейді, Мәскеуді, Санкт-Петербургті бір көру еді. Бірақ В.Ленинге қас­тандық жасау ниеті де болған ға­лымның Кеңес Одағына келуі мүм­кін болмады.

Бүгін конструктивизмді қол­даушылар, жаһандану заманында ұлттың рухани коды жойыла бастады деушілер көбейді. Ұлт­тық қасиеттер арзандап барады деген пікірді қуатты насихат­тауда. Әсіресе ресейлік ғалым­дар арасында ұлттардың жана­за­­сын шығарғысы келетіндер бар. Мысалы, қазақтарды орыс әле­мі ықпалынан шығарғысы кел­мей­тіндер ұлттың жай ғана топ екендігін көрсету үшін қазақтарды мысалға алады.

Мемлекеттік тілден гөрі орыс тілінде көп сөйлейтін, жазатын, ойлайтын, тіпті орыс тілді ұлтқа бет алған, үкіметі, парламенті, көптеген отбасылары мемлекеттік деп жариялаған тілді сыйлай бер­мейтін халықты қазақ ұлты деуге бола ма екен дегендей сауал қояды. Латын әліпбиіне ресми жарлықпен, заңмен көшкенмен, кириллицаны қазақтар пайдалана береді, латын әліпбиі тасада қалады деушілер аз емес. Бұл — Қазақстандағы қазақ тілі­нің жағдайына байланысты ай­тылған пікірлер.

Ұлттық қауым­дастықты бұлдыр сағым дей­тіндер, әсіресе бүгін әлемге өз билігін жүр­гізуші ірі ұлттар өкілдерінің ара­сын­да көбеюде. Жаһандану — қа­зақ сияқты ұлттар үшін үлкен сын.

Екінші ағымды әлеуметтік-сая­си көзқарастар жүйесі деуге бо­лар. Ұлт жөніндегі тұжырым­дар­дың ішінде психологиялық қағи­да­­лар­­дың алатын орны ерекше. Материалистік бағыттағы ғалым­дар шаруашылық, атамекен, тіл, тарих, мәдениет ортақ мінез-құлық қалыптастырады дейді. Екіншілері идеалистер ұлттың тарихи даму барысындағы қалып­тасқан ұлттық психоло­гия, мінез-құлық мемлекет қ­ұруға, ұлттың тұтастығына, ортақ мәдениетіне, тіліне, әскеріне, тәртібіне, аза­мат­тығына жетелейді, патрио­тизмге бастайды, ұлттық құн­ды­лықтарға артықшылық бе­ре­ді дейді. Абзалы ұлттық пси­хо­­логия — материалдық және әлеу­меттік-мәдени факторлардың өзара ықпалдастығының жемісі.

XIX ғасырда неміс ғалымы Отто Бауэр «Ұлт мәселесі және социал-демократия» атты еңбегінде «Ұлт дегеніміз — ортақ тағдыр, гене­тикалық және мәдени мұра негізінде қалыптасқан мінездің ортақ­тығы», — дейді. Ұлттық ерек­шеліктің, даралықтың сақталуы, О.Бауэрдің айтуынша, дүниені бірден-бір қайталанбас өзінше қабылдайтын ұлттық апперцепция (түйсік) механизміне байланысты.

Мемлекеттегі болып жатқан саяси өзгерістерді де ол ұлттық мінездің қасиеттерімен түсіндірген. Фран­ция елінің конституциясының тез өзгеріп отыруы француздардың жаңалыққа құштарлығынан дейді.

Біздің заманымызға дейінгі III ғасы­рда өмір сүрген Қытай ойшылы Сюнь-цзы «Барлық жаңа ту­ған сәбилердің үні бірдей. Бірақ өсе келе олар әртүрлі әдет-ғұрып­­қа үй­ре­неді», — деп ұлттың жара­ты­лы­сын әлеуметтік ортамен байланыс­тырған.

К.Маркстың ұлттық әлеу­мет­нама саласындағы көз­қарасы назар аударарлық. Ол «Еврей мәселесі жөнінде» еңбе­гінде кең таралған «еврей мәселесі — діни мәселе» деген тезисті теріске шы­ғарып, еврейлікті капитализм­мен байланыстырады. Сауда мен қаржы қызметіне бейімді ев­рей­лерге бәсекелестер көп. Пайда­күнемдік, алыпсатарлық, саудагерлік еврейлерге ерекше назар аудартады. Капиталистік экономика ақшаны құдайға айналдырады.

Сондықтан еврейлік тек еврейлер ғана емес, барлық халық­тарға тән пайдакүнемдік пси­хология туғызады. К.Маркс бұл мәселенің шешу жолын да ұсынады. Ол — адамзатты қанаудың қандай да болсын түрінен, соның ішінде ұлттық езгіден азат ету, тауар-ақша қатынастарын реттеу. Еврейлік мәнді жеңу міндеті шындығында азаматтық қоғамның еврейлік рухын, шырқау шыңы ақша жүйесінің адамгершілікке сыйымды еместігін жою екенін К.Маркс дәлелдеуге тырысты.

Мәдениеттану тұрғысынан ұлт дегеніміз — мәдени қауымдастық, оны уағыздаушылар ұлттық тілдің алатын орнын баса айтады. Сөз жоқ, халықтың барлық рухани байлығы тілі арқылы көрінеді. Декабрист В.К.Кюхельбекер айт­қандай, ұлтты рухани негіздегі қауымдастық деп қарастырсақ, біз тілді оның ділі деп айтар едік, сондықтан да тіл тарихпен бай­ланысты болғанмен, тілдің тарихи мәні саяси өзгерістерден салмақтырақ.

Осыдан келіп декабристер орыс балаларын шетел, әсіресе француз тәрбиешілерінің қолына беруге тыйым салынсын, орыс тілі, орыс халқының намысы шлагбаум, ордонанс-гауз, обер-гофмаршал сияқты сөздермен қорланбасын деп талап қойды.

Неміс оқымыстысы В.Гум­больд «ұлттың өзіне тән, іштей данышпан рухы бар, сол рухтың ерекшелігін сыртқа шығарып сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа беруші күш — тіл» — дейді. А.С.Пушкин де ұлттың рухани кілтін, табиғи ортасын климат, ауа райы, діні мен рухының айнасын оның поэзиясынан іздейді.

Ұлттың рухани жан дүниесі тура­лы сөз болғанда оған қуат бере­­тін дінге көп мән беріледі. Діні­­нен айырылғандар ұлт құн­ды­­лықтарынан да айырылып, бас­қа ұлтқа сіңіседі. Ұлттық бос­тан­ды­ғынан айырылған ұлттың де­меу­шісі, қолдаушысы — дін. Сон­дықтан ұлт-азаттық қозғалыстар діни сипат алады. Діннің арқасында ұлт өз ұлттық кодын сақтап қалады. Сон­дықтан қазақты мұсылман, евре­йді иудаизм, полякты католик дінімен байланыстырады.

Ұлт табиғатын саяси тұрғыдан саралау оны мемлекеттің дамуымен байланыстырады. Гегель кезінде ұлт, ұлттық мемлекет абсолюттік идеяның бір көрінісі деген болатын. Н.А.Бердяев мемлекеттілік — ұлттық болмыстың қалыпты жағ­дайы, ал мемлекеттігінің жойылуы ұлтты ділінен айыратын үлкен бақыт­сыздық, ауыр індет деді. Неміс зерттеушісі Р.Дарендорф ұлттың негізі — жалғыз ғана конституция мен құқық деп атап көрсетеді. Ұлт­­­тық пен мемлекеттіліктің ара­қа­тынасы туралы орыс ғалымы П.Б.Струве былай дейді: «Өз мем­ле­­ке­тіңді жек көруге болады, бі­рақ өз ұлтыңды жек көру мүмкін емес».

Ұлттың басын біріктіруде мем­ле­кеттің дәнекерлік қызметі аса жоғары. Мысалы, тіліне, туыс­тығына, мінез-құлықтарына қара­мастан, екі мемлекет құр­ған­дықтан ағылшындар мен аме­рикалықтар екі ұлт болып қалып­тасты. Ұлтты саяси тұрғыдан түсіну беделді халықаралық ұйымның — Біріккен Ұлттар Ұйымының атынан да бай­қалады. Мемлекетке ұлттық фактор да күш-қуат береді. Кезін­де екі мемлекетте өмір сүрген немістер, вьетнамдықтар бүгін бір ұлт болып қалыптасуда. Ортақ тарихи сана, тіл, дәстүр мемлекеттікке бөлінуден жоғары. Тәуелсіздік тұсында бір миллионға жуық қазақ басқа мемлекеттерден тарихи Отандарына оралды. Бұл үрдіс жалғасуда.

Үшінші бағыт — табиғи биоло­гиялық көзқарастар жүйе­сі. Бүгінгі ұлт­тану ілімінде этнос­тарды әлеу­меттік-биоло­гиялық қауым­дастық ретінде қарас­тыратын ой-жүйе қа­лып­­тасты. Бұл тұжырымға әрбір этностың антро­пологиялық белгі­ле­рімен ерекшелетіндігі негіз болды.

Отбасы ұлттың әлеуметтік био­логиялық тұрақтылығын, төл­тума бітімін, ұлттық тәрбие арқылы ұлттың құндылықтарын сақтап, оның басқа ұлтқа сіңіп кетуінің алдын алады. Сондықтан ғалымдар аралас некелердің шегін анықтап, оның шектен аттауы ұлтқа қауіп төндіретіндігін ескертеді. Ол тек 7-10 пайыз аралығында болуы керек. Бұл шамадан шығу аз ұлт­тардың болашағын екіталай етіп, басқа ұлтқа сіңіп, бара-бара ұлт ретінде жойылуына әкеледі. Сан жағынан ірі ұлттарға мұндай қауіп төнбейді.

Көптеген ойшылдар ұлт таби­ғатын оның климатымен байланыс­тырады. Мысалы, Ш.Монтескье былай дейді: «Климаттың билігі барлық биліктен күшті».

XVIII ғасырдан бастап ұлттың табиғатын оның территориясымен, атамекенімен әсіресе жер бетінің көрінісі, өсімдіктер және жануарлар дүниесімен байланыстыратын көзқарастар жүйесі қалыптаса бас­тады. Осы тұжырымдамалардың ішінде ерекше назар аударарлығы Л.Н.Гумилевтің теориясы.

Ұлттың пайда болуы (этногенез), Л.Н.Гумилевтің айтуынша, тарихи және ландшафттық фактор­лардың үйлесімді дамуының же­місі. Этнос әлеуметтік

кеңіс­тіксіз өмір сүре алмайтыны сияқ­ты, атмосфера, гидросфера, биосфе­расыз да өмір сүре алмай­ды. Этностардың бір-бірінен айыр­машылығы, олардың қоршаған табиғи-территориялық ортаға бейімделуіне байланысты. Ланд­шафтысынан айырылған әр этнос (жер аударылғанда, көпұлтты қалаға көшкенде, тағы басқа жағ­дайларда) басқа бір этносқа, жаңа қауымдастыққа айнала бастайды деп түйеді ол.

Қорыта айтқанда, ұлттың рухани коды — күрделі, көп астарлы құбылыс. Біз бүгін рухани жаңа­руды бір ғана фактор­мен бай­ланыстыра алмаймыз. Бү­гінгі этнофилософиялық және этно­әлеу­меттанымдық тұжырымдарға сүйе­ніп, ұлттың рухани кодының он маңызды индикаторларын айтуға болады: Атамекен; Ұлттық тіл; Отбасы; Ұлттық мәдениет; Ұлттық білім; Ұлттық тәрбие; Ұлт тарихы; Дәстүрлі дін; Ұлттық дәстүр мен салттар; Кіші отаны (ауыл, аймақ, өскен орта). Сондықтан ұлттық код бір-бірімен үйлесімді, өзара ықпалдасқан көптеген ұлттық

құн­дылықтардың жиынтығы. Маңызы жағынан ұлттық идеология деуге де болады.

Руханилықты ұран тастап енгізе алмаймыз. Мемлекеттің ішкі сая­саты ұлттың рухани кодының күрделілігіне негізделгенде ға­на тиімді болады. Әлеуметтік дең­гейі тұрғысынан ұлттың білімі, мәде­ниеті, діндарлығы, кәсіби дең­гейі, экономикалық табысы, тұр­м­ыс­тық жағдайы, қоныстануы (ауыл, қала), тууы, өлім-жітімі, отбасы және оның беріктігі, аралас некелер, қылмыстылығы, бір сөзбен айт­қанда, ұлттың әлеу­меттік сапасы оның биік рухына негіз болады.

Ұлттық құндылықтарды ұлт өкілдерінің қабылдауы біркелкі емес. Рухани ұстанымына қарай жеке тұлғаларды моноэтностық, тек өз ұлттық құндылықтарымен шектелетін, биэтностық, өз бойына өз ұлттық құндылықтарымен қатар басқа да ұлттық құндылықтарды сіңірген, маргиналды, дүбәрә, этникалық тегінен ажырай бастаған тұлғалар деп саралауға болады.

Әрбір этностың, әсіресе мемлекет құраушы ұлттың өзін-өзі сақтайтын қасиеттерінің иесі орта тап. Орта тап — ұлттың өзегі, арқауы, берік мызғымас тірегі. Ұл­т­тың қуанышын, ішкі күйін сезі­нетін, сәтсіздігіне қайғыратын, ұлттық мұқтажы жанына бататын оның орта тап өкілдері: кіші және орта кәсіпкерлер, педагогтар, ғалымдар, жазушылар, өнер адамдарды, орта шенді әскерилер. Орта тап қоғамды тұрақтандыру­шы, ұлт мәселесінде ауытқуларға жол бермей, байсалды ұстанымды таңдайды, экономикалық даму­дың басты агенті, интеллектуалдар, ұлттық тілдің, мәдениеттің, жердің иесі, ұлт лидері. Орта таптың көңіл күйі, мәдениеттілігі, табысы, тұр­мысы ұлттың рухани барометрі.

Жағымсыздық ұстаным да, ұлт­тық мүддеден ауытқуға түрліше жағдайларға байланысты. Бірқа­тар ғалымдар өнеркәсіптің қалдық­тары сияқты ұлттық қауымдастықтың да шығындары, кәдеге жарай алмайтын жақтарының болатындарын айтады, кейде оны жеті па­йызға дейін деп кесіп-пішіп жата­ды. Олар аса байығандар мен аса кедейленген топтардан шы­ғады. Ұлттың руханилығы тарихи жағ­дай­ларға да байланысты. Кей­де ұлтына жағымсыз баға беру, кемсіту отарланған ұлт өкілдеріне тән. Қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт жал­тақ, өзіне-өзі сенімсіз.

Ұлттың ең басты қуаты — оның ішкі бірлігі. Абай айтқандай, «Бірің­­ді қазақ, бірің дос, көрмесең іс­тің бәрі бос», өзара жанашырлық, ұлт­қа қызмет ету, тұрақтылықты, қауіп­сіздігін ойлау, иманына берік болу, тәуелсіздікті қорғау, салық төлеу. Ұлттық намыс — ең басты капитал.

Ұлттың басын қосатын, бірік­тіретін, бір мақсатқа, ортақ іске жұмылдыратын, сабақтастыратын ұлттық рухани код, символдар мен идеялар. Олар тірілер мен тірілерді ғана емес, өлілер мен тірілерді байланыстырып жатады. Әр кезде символдар тұрақты әсер беріп, ұлттық біртектілікті бұрмалауға ырық бермейді. Жетекші ұлттық символдар — озық көңіл күйдің де арқауы. Қазақ үшін олар Керей мен Жәнібек заманымен бүгінгі күнді жалғастырады. Бұл — бөлінбейтін, ажыратуға келмейтін нышан.

 Амангелді АЙТАЛЫ,

философия ғылымдарының докторы, профессор.

«Егемен Қазақстан», 6 қараша 2017 жыл.

источник