Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұстаздар және жастармен кездесті

Ұстаздар және жастармен кездесті

Ақтөбеге келген жұмыс сапары аясында Геннадий Шиповских белсенді жастармен кездесті.

Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінде өткен шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, университет проректоры Рақым Бекназаров,  жас ғалымдар, жастар істері комитеттерінің төрағалары, белсенді жастар ұйымдары мен студенттер қатысты.

Еркін форматта өткен кездесу бір сағатқа созылды. Жастар Мәжіліс депутатына мемлекеттік бағдарламалар мен жастар саясатына, волонтерлер жұмысына қатысты көптеген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

Алдымен сөз алған университеттің проректоры Рақым Бекназаров білім ордасының ұжымы мен студенттерінің толық екпе алғанын айта келе, депутаттан екпенің қай түрін алғанын сұрады.

— Екпе — індетті алдын алудың бір жолы. Наурыз айында  «Спутник V» вакцинасының екі компонентін алдым. Ал жуырда ревакцинация туралы қаулы шыққаннан кейін «Vero Cell» вакцинасын салдырдым, — деп жауап берді Геннадий Шиповских.

Ал жастардың «Өмірлік ұстанымыңыз қандай?» деген сауалына депутат:

— Бірдеңені бастадың ба соны соңына дейін жеткізу — өмірлік ұстанымым. Бұл қасиет кез келгеннің бойынан табылуға тиіс. Бірақ қай істе де ешкімге кесірі тимейтіндей болуы керек.

Ал жастарға көбірек кітап оқуға кеңес берер едім. Кітап — адамның жолын ашатын бірден-бір құрал. Әлеуметтік желі де жақсы, бірақ бір мезгіл кітап оқып тұрыңыздар, — деді.  

Шара соңында Мәжіліс депутаты өңірде қайырымдылықты, рухани бірлікті, достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан белсенді еңбегі үшін бірқатар жастарды Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапаттады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

/aqtobegazeti.kz/