Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Аймақ дамуындағы ғылымның маңызы айтылды

Аймақ дамуындағы ғылымның маңызы айтылды

Бүгін Жұбанов университетінде «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Білім және Ғылымды дамыту жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес отырысы өтті.

Кеңесте жоғары оқу орындары мен колледждердің бағдарламаларын жаңарту, кәсіпкерлік, экологиялық, мәдени білім негіздері бойынша жаңа пәндерді енгізу, оқу орны базасында академиялық артықшылық орталықтарын құру мәселелері талқыланды.

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов еліміздің, оның ішінде Ақтөбе өңірінің дамуында, кәсіби кадрлармен қамтамасыз етуде Жұбанов университетінің орны айрықша екендігін атап өтіп, аталған жиынның қара шаңырақта өткізілуі тектен-тек еместігін тілге тиек етті.

Жұбанов университеті Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова  Жұбанов университеті Батыс өңіріндегі жетекші жоғары оқу орны болғандықтан ғылымды дамыту өте маңызды екендігіне тоқталды. Сонымен қатар өңірдегі оқу орындарының өзіндік орны, миссиясы бар екендігін айтып өтті.

Басқосуда Басқарма мүшесі, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров аймақтық мәселелерді шешудегі университет ғылымының рөлі жайында баяндама жасап, ұсыныстарын ортаға салды.

Ғылымды қолдау және зияткерлік әлеуетті дамыту үшін еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтарын құру турасында Инновациялар паркінің директоры Жанар Сартабанова айтты.

«Республика бойынша өңірлік 15 және 5 педагогикалық жоғары оқу орны базаларында академиялық артықшылық орталықтарын құру қажет. Біздің университет сол 15 өңірлік ЖОО тізіміне кіріп отыр. Оқу орнында 6 лабораториялық орталықтарын ашу жоспарлануда. Бұл зертханалар техникалық ғылым және ақпараттық коммуникациялық технологиялар бағытында жұмыс жасайтын болады. Атап айтар болсақ, материалдық база, профессор-оқытушылар құрамы, докторантура бар, оқу ордамызда бұл орталықтарды ашуға барлық негіз бар», — деді ол.

Кездесуге қаламыздағы басқа да жоғары оқу орындары өкілдері қатысты.

Фракция жетекшісі Ербол Данағұлов білім беру саласында және ұрпақ тәрбиелеуде қосқан ерен еңбектері үшін Жұбанов университетінің бес оқытушысына «Алғыс хат» табыстады. Сондай-ақ, университет ректорына  Партиялық билетті табыс етті.