Среда, Февраль 8, 2023
Басты > Жаңалықтар > Тама Есет батыр рухы ұлықталды

Тама Есет батыр рухы ұлықталды

Бүгін Студенттер сарайында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен университетіміздің тарих факультетінің ұйымдастыруымен ХVІІ-XVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танылған әйгілі батырларының бірі Тама Есет Көкіұлының 350 жылдығына арналған «XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ-жоңғар қақтығыстарындағы халық батырларының рөлі: қазақ бірегейлігінің қалыптасуы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Конференцияда тарихшылар, зиялы қауым өкілдері мен өлкетанушылар бас қосты.  Пленарлық мәжілісті тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев «Тама Есет батыр және ХVІІІ ғасырдағы Қазақ тарихының мәселелері» тақырыбындағы баяндамасымен бастады. Тарихшы баяндамасында тарихи тұлғаны тану үшін, оның өмір сүрген заманын білу керектігін, Есет батыр жайында тек орыс тіліндегі жазба деректерде құнды мәліметтер сақталғанын айтып өтті. Ақтөбе облысының құрметті азаматы Зәкіратдин Байдосов «Ту ұстап, тарлан мінген тарих» тақырыбында баяндама жасап, Тама Есет батырдың өмір деректеріне, тарихи болмысына тоқталды. Сонымен қатар пленарлық мәжілісте Есет батыр Көкіұлының ғұмырнамасына қатысты мәселелер айтылды. Тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Васильев, заң ғылымдарының кандидаты Роман Почекаев, тарих ғылымдарының кандидаты Өтеген Исеновтер жасаған баяндамаларында осы мәселені көтерді.

Бас қосқан тарихшылар баяндамаларда айтылған мәселелерге орай ойларын ортаға салды.

Конференцияның пленарлық мәжілісін  университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Ағыбайұлы жүргізіп отырды. Конференция жұмысы секцияларда жалғасын тапты.

Айта кетуіміз керек, Есет Көкіұлының 350 жылдығына арналған шаралардың бірқатары  6 қарашада Алға ауданында бастауын алған болатын. Бүгінгі конференция осы шаралар негізінде өткізіліп отыр. Осы мереке жалғасы ретінде конференциядан соң Студенттер сарайында «Ел тірегі-ер Есет» атты аймақтық ақындар айтысы өткізілді.