Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Абайдың қайта туған өлеңдері

Абайдың қайта туған өлеңдері

Бүгін Жұбанов университеті кітапханасында Амантай Өтегеновтің аудармасында «Абай Құнанбайұлы.Өлеңдері» кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шара белгілі ақын, аудармашы және қоғам қайраткері Амантай Өтегеновтің мерейтойына арналды. Биыл Амантай Өтегенов 70 жасқа толар еді. Ол Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, сондай-ақ, әлемдегі ең таңдаулы жазушылар ұйымдарының бірі «ПЕН-клуб»халықаралық ұйымының мүшесі болды. Ол ақтөбелік ақын ретінде ғана танымал емес. Сонымен қатар өлеңдерді қазақ тілінен орыс тіліне, өзге тілдегі өлеңдерді қазақ тіліне аударған. Көптеген жанрларды меңгерген журналист болған. Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Әбіш Кекілбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді  дәуірдің атақты адамдарымен дос болған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Осы саладағы әдебиетші-аудармашылар атқарған жұмысты бағалау қиын. Абайды орыс тілінде сөйлету — әр аудармашы үшін қол жетімді нәрсе емес, шын мәнінде ол өте жоғары өнер. Абай шығармаларын аудару саласында көптеген танымал орыс және шетелдік ақындар еңбектенді және әлі де жұмыстар жалғасуда.

Амантай Өтегеновтің поэтикалық аудармалары Абай поэзиясының орыс тіліндегі үздік аудармаларының қатарында лайықты орын алды.

Кездесуде Амантай Өтегеновтің жұбайы Абай поэзиясының аудармаларына ұқыпты және мұқият қарау туралы айтты. Орынгүл Тургенова жарын әр сөзді бірнеше күн тексеретін еді деп еске алды. Ол университет басшылығына Амантай Өтегенов есіміне көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді. Басқарма мүшесі, әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Есбол Мұханбетқалиев өз кезегінде ректор атынан ақынның жұбайын маңызды шарамен құттықтады.

Кездесуге қатысқан БАҚ өкілдері және шығармашыл зиялы қауымға жаңа кітап табыс етілді. Кітап барлық әдебиетсүйер қауым үшін Жұбанов университетінің кітапханасында қолжетімді.

Айта кетейік, ұсынылған жинақта Амантай Өтегеновтің бұрын аударған Абай өлеңдері қайта басып шығарылған. Сондай-ақ, кітапта танымал суретші Мәрзия Жақсығаринаның эклибристері ұсынылған.