Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Көшпелі отырыс: ғылым қайтсе дамиды?

Көшпелі отырыс: ғылым қайтсе дамиды?

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғимаратында Nur Otan партиясы жанындағы білім және ғылымды дамыту жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті.

Жиында облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге облыстық сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудағы Жол картасының сапалы білім беру мәселелеріне бақылау жасайтын облыстық мәслихаттағы фракция мүшесі Сергей Вишняк, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева және өңірдегі университеттердің ғылымға жауап беретін өкілдері қатысты.

Күн тәрбітінде үш мәселе қаралды.  Олар — ғылымды қолдау және зияткерлік әлеуетті дамыту үшін еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтарын құру, жоғары оқу орындары мен колледждердің бағдарламаларын жаңарту, кәсіпкерлік, экологиялық, мәдени білім негіздері бойынша жаңа пәндерді енгізу және ғылыми ұйымдар мен ЖОО зертханаларының жабдықтарын жаңарту.

— Партияның облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасы 7 ірі бөлімді және 165 іс-шараны қамтиды. Соның ішінде 12 тармақ өңірдің білім беру мәселесіне қатысты. Партияның фракция мүшелері, қоғамдық кеңестің құрамына енген азаматтар осы  тармақтардың жүзеге асырылуын бақылауда ұстап, мәселелерді көтеруге тікелей ықпал етіп келеді, — деді жиында алдымен сөз алған Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов. Оның айтуынша, қазіргі күні облыс деңгейінде 58 кеңес отырысы өткізіліп, 200-ге жуық ұсыныс берілген.  Бұған дейінгі кеңесте инклюзивтік білім беру, балабақша, орта және кәсіптік білім беру деңгейіндегі мәселелері көтерілген.

Ербол Данағұлов жиынның аталған университетте ұйымдастырылуының ерекшелігі туралы былай деді:

— Отырысты өңірдегі іргелі оқу орны Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетінде өткізуіміздің өзіндік ерекшелігі бар. Себебі осы оқу орнында қызмет ететін ғалымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін партияның бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыруға үлкен үлес қосуда. Мысалы, бұған дейінгі білімге қатысты комиссия отырыстарында ірі өндіріс орындарының өнім өндіруге жұмсалатын шығындарынан 1 пайыз мөлшерін ғылыми мақсаттарға бөлу үшін бюджетке жіберу мәселесі көтерілген болатын. Қазір осы мәселе партияның республикалық Жол картасына индикатор ретінде енді. Алдағы бесжылдықта  нормативті-құқықтық акті қабылданатын болады.

Қазір елімізде ғылымды қолдау және зияткерлік әлеуетті дамыту үшін 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары құрылып жатыр. Оның 15-і өңірлік және 5 педагогикалық оқу орындары. Осы бағдарламаға өңірімізден тек Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ғана таңдалды. Жергілікті мәселелерді — кадр даярлау, өңірдің мәселесін шешу, экономикасын көтеру мақсатында осы білім ордасына 3 жылға 2,5 млрд теңге бөлінеді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма мүшесі, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының докторы

Рахым Бекназаровтың айтуынша, оқу орны  цифрлық интеллектті, металлургия кластерін, педагогикалық бағытты дамытуды мақсат еткен 6 зертхана ашуды жоспарлап отыр.

— Университет ішкі қаражатын үнемдей отырып, 14 бағытқа грант ретінде 100 миллион теңгеге дейін қаражат бөліп отыр. Қазір қала ауасының тазалығын тексеру, Польша мен Америкадан алынған манекендер арқылы мектептерде дәрігерге дейін алғашқы медициналық көмек көрсету жобалары бойынша жұмыстар басталды. Сондай-ақ университеттің жағымсыз иісті жоюға негізделген ұсыныстары бар, — деді Рахым Бекназаров.

Жиында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғылыми жұмыстары жөніндегі департаментінің басшысы Ақмарал  Баспақова, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің проректоры

Олга Лыгина өз оқу орындарындағы жобалар туралы айтты.

Күн тәртібіне қойылған сұрақтар сайлауалды бағдарламаның Жол картасына енген индикаторлар болғандықтан хаттамаға енгізіліп, республикалық кеңестің құзырына ұсынылатын болады.

Шара барысында Ербол Данағұлов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасоваға партия билетін,  облыстық мәслихат депутаты  Сергей Вишнякқа ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай партияның жоғары наградасы «Белсенді қызметі үшін» медалін табыс етті.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

 

/aqtobegazeti.kz/