Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылыми кеңес мүшелері жылды қорытындылады

Ғылыми кеңес мүшелері жылды қорытындылады

Бүгін Жұбанов университетінде Ғылыми кеңес отырысы өтті. Онда оқу процесіндегі өндіріспен байланыс, университет қызметінің цифрландырылуы, электрондық құжат айналымы және де басқа әртүрлі мәселелер қаралды.

Алдымен Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова  Ғылыми кеңес отырысына қатысқан әріптестерін құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Баршаңызды табалдырығымызды аттағалы тұрған жаңа 2022 жылмен  құттықтаймын! Қазақта «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген ұлағатқа айналған сөз бар.  Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы баршаңыздың шаңырақтарыңызға табыс пен ырыс әкелсін! Дендеріңізге саулық, істеріңізге толағай табыс тілеймін!, — деді.

Ғылыми кеңес отырысында алдымен марапаттауларға кезек берілді.

Қоғам қайраткері, ректордың кеңесшісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Константин Цхай  «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің құрметті профессоры» медалімен және аттестатымен марапатталды. Ғалымға университет басшысының шешімімен бір айлық көлемінде сыйақы тағайындалды. Сондай-ақ,  университет басшысы Лаура Қарабасова үлгі-өнегенің өзегі болып жүрген ардагерге зор денсаулық тілеп,  иығына шапан жапты.

Айта кетейік, Константин Цхай 1967 жылдан бері Жұбанов университетінде аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан орынбасары, декан, оқу ісі жөніндегі проректор, бірінші проректор, ректор кеңесшісі қызметтерін атқарып, өңірдегі физик мамандарды даярлауға үлес қосып келеді. Молекулалық спектроскопия және ядролық физика саласында 60-тан астам ғылыми еңбектері халықаралық, республикалық басылымдарда жарық көрген. Қоғамдық қызметке белсене араласып, соңғы 20 жылда «Ақтөбе облысы кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарып жүр. Константин Цхай – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Ақтөбе қалалық мәслихатының ІҮ шақырылымының депутаты.

Өз кезегінде университет профессорлары Жайшылық Сартабанов, Игорь Спивак-Лавров,  Гүлжан Шоқым, Рахым Бекназаровтар сөз алып, ғалымның мағыналы ғұмыры туралы ізгі лебізін білдірді.

Мінберде сөз алған Константин Цхай  университет басшылығы мен әріптестеріне көрсеткен сый-құрметтері үшін ризашылығын жеткізіп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Жиында «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасының профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Мәрзия Жаксығаринаға «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі табыс етілді. Сонымен қатар,  университетте Оқу әдістемелік және қашықтықтан білім беру орталығы ұйымдастыруымен өткізілген «Менің әдістемелік кеңістігім» университетішілік әдістемелік марафонының жеңімпаздары Басқарма төрағасы-ректордың Алғыс хатымен марапатталып, оларға Құдайберген Жұбанов  шығармаларының толық жинағы сыйға берілді.

Салтанатты жиыннан соң Ғылыми кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерге ойысты.